Алматы облысы әкімдігі Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңге табыс етті
Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жәния Азаматқызы 20 маусымда дүниеге келген.Еліміздегі 19 миллионыншы қазақстандықтың отбасына 1 миллион теңге табыс етілді. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестеге арба мен ойыншықтар берілді. Нұрғалиевтер әулеті қыздарының елдің тура 19 миллионыншы тұрғыны екенін естігенде таң қалған, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жәния – Азамат пен Назгүлдің үшінші қызы. Отбасында 14 және 9 жастағы тағы екі қыз бар.
"Біз бұл жаңалықты түнгі сағат 11-лерде білдік, қобалжып, қатты толқыдық. Тіпті, түнімен айықтай алмай шықтық", – дейді Жәнияның анасы Назгүл Көбентаева.
Қуанышқа бөленген отбасына облыстық әкімдік 1 миллион теңге мен біраз ойыншықтар табыстаған.
Демограф Әзімбай Ғали Қазақстанда қазақтардың үлесі осыдан бір жарым жыл бұрын 69 пайыз болса, биыл 70 пайызға көтерілгенін айтады. Сонымен қатар, шет мемлекеттердегі қандастарымыздың да оралып жатқаны статистикаға оң әсер етіп жатыр екен.
"Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, халықтың жыл сайынғы табиғи өсімі шамамен 260 мың екен. Дәл осындай қарқын сақталса, Қазақстан халқының саны 2025 жылы 20 миллионнан асуы әбден мүмкін", – дейді демограф Әзімбай Ғали.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: