Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы 87% дайын
Жаңа терминал биылғы маусымда ашылады деп жоспарланып отыр.ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптан Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалының құрылысын және елімізде өзге де инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты жазды.
Алматыда жаңа халықаралық терминал құрылысы сынды үлкен жобаны жүзеге асыру стартегиялық маңызға ие.
"Халықаралық терминал ашылуы жолаушылар ағынын арттырып, ұшу географиясын кеңейтеді және мегаполис тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді деп күтеміз", – деді Әлихан Смайылов.
TAV Airports Holding басшысы жобаны іске асыру барысы жөнінде жаңа ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстары 87%-ға аяқталған. Жаңа терминал биылғы маусымда ашылады деп жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Қыркүйекте Алматы әуежайында 250 орынға арналған қосымша автотұрақ ашылады
Премьер-Министр Алматы әуежайы теміржол және автомобиль тасымалын қоса алғанда, толыққанды мультимодальды көлік-логистика хабы ретінде дамуы керек екенін атап өтті. Инвестор алдағы жоспарларында мұны ескеруі тиіс.