Алматы әкімі әйелімен бірге референдумда дауыс берді
Сайлау учаскесіне таңғы сағат жетіде алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев әйелімен бірге келді. Олар Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде орналасқан №358 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Бүгін біздің мемлекетіміз үшін және оның азаматы ретінде мен үшін өте маңызды күн. Бүгін еліміз өзінің болашағын айқындайды. Мен сайлау учаскесіне еліміздің болашағы, мемлекеттің бейбітшілігі мен гүлденуі, Алматы мен қала тұрғындарының бірлік-берекесі үшін дауыс беруге келдім", – деді Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Қызылордада 101 жастағы майдангер бірінші болып дауыс берді
Алматыда таңғы сағат 07.00-де 574 сайлау учаскесі ашылды. 1,1 миллионнан астам қала тұрғынының дауыс беру құқығы бар.
Еске салсақ, референдумға "2022 жылдың 6 мамырында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?" деген сұрақ қойылды.