Әлихан Смайылов ұлттық экономика министріне ескерту жасады
Ал табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жарияланды.Премьер-министр Әлихан Смайылов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері бойынша жиын өткізді. Жиында Үкімет басшысы саладағы мәселелерді Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап, ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасады. Ал үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады, деп хабарлады үкімет басшысының ресми сайты.
"Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ", — деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса Үкімет басшысы коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.
"Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе", — деді Премьер-министр.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров президент тапсырмасы бойынша әзірленген "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын енгізу арқылы республика бойынша электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозуын орта есеппен 20 пайызға төмендету жоспарланып отырғанын баяндады. Бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және апаттық жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Ол үшін 145 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу қажет. Осыған байланысты биыл өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, ТКШ қызметтері тарифтерін кезең-кезеңмен өзгерту көзделіп отыр. Нәтижесінде осы жылдың өзінде 5 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу және ТКШ саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланған.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың коммуналдық қызметтерге шығындарын азайту үшін оларды мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй көмегі аясында ішінара өтеу көзделген. Өткен жылдың соңында өтемақы мөлшері мен оны алуға үміткерлердің қатарын ұлғайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді. 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 17 мың отбасыға 372 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Дүниежүзілік банк және KPMG халықаралық компаниясымен бірлесіп, республиканың 56 жылу электр станциясына техникалық аудит жүргізілгенін баяндады. Оның қорытындысы бойынша станциялардың техникалық жай-күйі мен негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер рейтингі жасалды. Осы айдың соңына қарай күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қамтитын кешенді есеп дайын болмақ.