2023 жылғы 19 наурызда Қазақстанда Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайлов Астанадағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Премьер-министр Әлихан Смайлов Астанадағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді

"Жаңа сайланған мәжіліс алдында Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Жаңа Үкімет қалыптасқанша біз өз қызметімізді атқарамыз. Ал жаңа премьер-министр кім болатынын президент пен парламент шешеді. Біз өзгерістерге де, елге қызмет етуге де дайынбыз. Көңіл-күйім жақсы. Былтыр қиын жағдайларға қарамастан экономиканың өсімін 3,2 пайызға жеткіздік. Онымен қоса, халықаралық рейтинг агенттігі тәуелсіз инвестициялық рейтингімізді растады, тіпті болжамды жақсарттық. Былтыр нақты инвестициялық капитал 8 пайызды құрады. Жеке кәсіпкерлік дамыды, соның ішінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 9,3 пайызға артты. Шағын және орта бизнес субъектілері 20 пайызға өсті. Былтыр сыртқы геосаяси жағдайларға, елдегі ауыр оқиғаларға байланысты еліміз үшін қиын жыл болды. Соған қарамастан экономикамыз тұрақты дамыды деп есептеймін. Біз еліміз үшін жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз", – деді үкімет басшысы Әлихан Смайылов.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау қалай өтіп жатыр? Live


Сайлауға жеті партия өз кандидаттарын ұсынды. Олар: "Ақ жол" демократиялық партиясы, Amanat партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Байтақ" "жасылдар" партиясы, Қазақстан халықтық партиясы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы, Respublica партиясы. Сондай-ақ, осы сайлауда өзін-өзі ұсынғандар да мәжіліс депутаты бола алады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сайлауда дауыс беруге 12 032 550 азаматтың құқығы бар.