Ақмола облысының Бұланды ауылындағы алпыстан астам оқушы үшін биыл да алғашқы қоңырау Ұлттық парк ғимаратының алдында соғылады. Өйткені апатты деп танылған ескі мектептің орнына құрылысы басталған жаңа білім ошағы екі жылдан бері қолданысқа берілмей келеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Алғашында 670 миллион теңге бөлініп, кейін құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзетулер енгізілген. Артынша 1 миллиард 51 миллион теңге тағы бөлінген. Алайда мектептің құрылысы алға жылжудың орнына тоқтап тұр, дейді тұрғындар. Қазандық пен бірінші қабат жөнделіп, қалғаны сол күйі тұр. 

"Мектеп құрылысы тоқтап тұрғанын көріп отырсыздар. Ішінде бір адам жоқ. Цементтері қатып жатыр. Ауыл тұрғындары күнде келіп қарап тұрамыз. Егер жұмыс жүріп жатса, сенетін едік. 2024 түгілі, 2030 жылы да бітпейін деп тұр. Ертең шатыры жабылмаса, керегесі үгітіліп қалады", – деді ауыл тұрғыны Майра Қошанова. 

Жаңа мектептің құрылысына жауапты мердігер – "Ерқанат Сервис" компаниясы. Құрылыс басында тек бірнеше трактор жүр. Ал құрылыс басқармасы алда жөндеу жұмыстарының қайта жалғасатынын айтады. 


Оқи отырыңыз: "Бір баланы мектепке жіберу – 100 мың теңге". Мемлекеттен қосымша қандай көмек алуға болады?


"Биыл жоба құрылысына 655 миллион теңге бөлінді. Оның 253 миллион теңгесі игерілді, бірақ 250 миллион теңге көлемінде қаражат тапшылығы бар. Қазір ғимараттың екінші қабаты жөнделіп жатыр", – деді Ақмола облысы құрылыс басқармасының бас маманы Ризат Жүнісов. 

Мұнымен қатар маман қажет қаражат табылған жағдайда, құрылысты осы жылдың соңында немесе келер жылы аяқтауға уәде берді.