12 желтоқсанды – "Алаш күні" деп ресми бекіту мәселесін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қарайды. Бұл туралы үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Үкімет басшысы жауабында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссия қазір 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси тұрғыдан ақтау мәселелерімен айналысып жатқаны жазылған.

"Жыл сайын "Ақ жол" партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын "Алашқа тағзым" шеруі мен жылдағы дәстүр бойынша 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жоғары деңгейде ісшаралар ұйымдастырылуда. Көтерілген мәселе Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылады", – деп жазылған премьер-министр жауабында.


Оқи отырыңыз: Қарин президентке саяси қуғын-сүргін құрбандары бойынша 31 том құжат ұсынды


Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаттары 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш республикасының құрылған күні ретінде – "Алаш күні" деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұраған болатын.