Ақтөбедегі байланыс және электротехника колледжі оқытушыларының айтуынша, облыстық білім басқармасы бес мамандық бойынша орташа білім беретін орынды қыркүйектен теміржол колледжінің құрамына қоспақ. Бас көтерген ұстаздар екі колледж қосылса, 100-ге жуық ұстаз жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Екі колледж қосылса, білім сапасы төмендейді деп ойлаймын. Саны бар, сапасы жоқ. Ол колледж тек шойын жол бағытына керек мамандарды дайындайды. Оператор, диспетчер деген сияқты. Ал бұл әлеуметтік, азаматтық елдімекендердің байланысын қамтамасыз ететін маман иелерін дайындап шығарады", – деді ата-ана Қарлығаш Елеусінова.

Колледж қызметкерлерінің айтуынша, білім басқармасы екі оқу орнының бірігетіндігі туралы шешімді демалысқа бір күн қалғанда хабарлаған. Енді 100-ге жуық маман қыркүйектен бастап жұмыссыз қалудан қорқып отыр. 


Оқи отырыңыз: ҰБТ-дан кейін аппеляцияға берілген 50 мың өтініштің 318-і қанағаттандырылды 


"Кейбір оқытушылар мен қызметкерлердің жұмыссыз қалу дерегі анықталып отыр. Барлығын толық жұмыспен қамту туралы мәселе қозғалып отырған жоқ. Облыстық білім басқармасы нақты жауап бере алмайды. Білім басқармасы 30 маусым күні хабарлады. 1 шілде бұл құрам толығымен кезекті демалысқа кетті. Сол уақытта ғана хабарлады. Оған дейін ешкім ештеңе білген жоқ", – деді байланыс және электротехника колледжі кадр бөлімінің меңгерушісі Жеңісбек Бағымбаев. 

Алайда облыстық білім басқармасындағылар колледждердің бірігуі мәжбүрлі шешім болғанын айтады. Себебі соңғы үш жылда екі оқу орнына да түсетін студенттер саны азайған. Шенеуніктер байланыс колледжінің оқытушылары өз қызметінде қалатынын айтып сендірді. 

"Екі білім ұйымы қосылған жағдайда ештеңе өзгермейді. Мұғалімдердің сағат саны, жүктемесі сақталады. Екі колледжде де мамандықтар сол күйі сақталады. Ешқандай қысқарту болмайды", – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева. 


Оқи отырыңыз: Колледж студенттері тәжірибе кезінде өндірген өнімдерін сата алады


Осылайша жауаптылар екі оқу орнының бірігуі керісінше, материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік береді деп отыр. Жаңа оқу жылынан бастап біріккен колледждердің атауы да өзгеруі мүмкін.