Теңіз жағалауында шашылып жатқан тамақ қалдықтарымен қоректенген кеміргіштер адамнан да қорықпайды. Тазалық мамандары бұған қалада қарқынды жүріп жатқан құрылыс пен қоқыстың уақытылы жиналмауы себеп екенін айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Егеуқұйрықтарға қарсы улау жұмыстары Ақтауда соңғы 10 жылда жасалмаған. Ал қала тұрғындары жағалауда зиянкестерден аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады. Мамандар тамақ қалдығын азық еткен кеміргіштердің көбеюіне тұрғындар кінәлі екендігін айтты. Олардың айтуынша, Каспий теңізі жағасына демалуға келген халық тамақтарын әр жерге тастап кете береді. Зиянкестер дәл осындай лас жерге үйір болады.


Оқи отырыңыз: Алматыда Жантемір Баймұхамедовтің "Егеуқұйрық" көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті.


Соңғы уақытта тұрғын үйлердің жаппай салынуы да егеуқұйрықтардың көбеюуіне себеп болған. Жерді қазған кезде кеміргіштер топырақ бетіне шығып, үйлерге кіре бастайды. Сондай-ақ, олардың адам өміріне қауіп төндіретінін ұмытпау керек.

"Олар тез көбейеді. Адамдар арасында көптеп жүруі қауіпті. Кеміргіштер оба секілді әртүрлі ауруды тасымалдайды. Бұларға қарсы жыл сайын жасалуы тиіс дезинфекция соңғы 10 жылда жүргізілмеген. Егер Ақтау әкімдігі тиісті қаражат бөлсе, улау жұмысымен айналысатын білікті мамандар бар", – деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсима Жарылғасова.