Аймағамбетов: Мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар
Мәселе шешілмесе, 2026 жылға қарай жалпы тапшылық 1 млн 200 мыңға дейін жетуі мүмкін.Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан "Қолайлы мектеп" жобасы туралы айтып берді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, 2023 жылдан бастап салынатын мектептер енді мемлекеттік стандарттарға сай болуы керек. Егер робототехника, физика, химия пәндік кабинеттері қажет болса, онда мектепті соған сай жабдықтау керек. Қазіргі уақытта мектеп салынып бітеді де, лицензия алуға келгенде барлық қажетті құрал-жабдықтың жетіспейтіні белгілі болатыны жасырын емес.
"Мәселен, спорт залын алатын болсақ, қазіргі уақытта 1 200 оқушыға арналған өте үлкен мектептер салынып жатыр. Екі ауысымды есептесек, 2 400 оқушы оқиды. Бірақ ол мектепте тек бір ғана спорт залы қарастырылған. Ал егер типтік оқу бағдарламасын қарайтын болсақ, аптасына әр сыныпта үш сағат дене шынықтыру сабағы бар. Сол үш сағатты барлық сыныпқа санайтын болсақ, онда бір спорт залы жетіспейді және бір уақытта бірнеше сынып бір спорт залында шынығады. Сондықтан бірнеше спорт залы керек. Неліктен қазір көптеген ата-ана балаларын МЖӘ бойынша салынған жаңа мектептерге беруге ұмтылады? Себебі олар толық жабдықталған және стандарттарға сай. Сондықтан бізге осындай мектептер қажет", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мектептегі оқу жылы екі аптаға ұзарады
Министр "Қолайлы мектеп" жобасында құрылыс материалдарының сапасы және бастауыш пен жоғары сынып оқушыларын блоктарға бөлу мәселесі де қарастырылатынын айтты.
"Бұл жоба бойынша бізде қосымша 800 мыңнан астам орын беріледі және жоғарыда айтылған мәселелер шешімін табады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша мектептерде 250 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Егер біз осы мәселені қазір шешпесек, 2026 жылға қарай жалпы тапшылық 1 млн 200 мыңға дейін жетеді. Былтыр біз Президенттің тапсырмасы аясында 277 мектеп салдық. Биыл 225-тен аса мектеп салғалы отырмыз. Мектеп құрылысы мен қаржыландыруды әкімдіктер жүргізеді", – деді министр.
Оқи отырңыз: Мектепті жөндеуге ата-анадан ақша жинаса, қайда шағымдануға болады?