Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

"Бүгін Үкімет отырысынан кейін менен ұлыма мектеп формасын алуға қанша қаражат жұмсағанымды сұрады. Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз. Жексенбі күні ұлым екеуіміз дүкеннен 36 мың теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады. Сондай-ақ мектеп формасынан бөлек шамамен 20 мың теңгеге портплед сатып алынғанын да байқауға болады", – деп жазды министр.

Министр сөзін растау үшін сатып алынған заттардың түбіртектерін жариялады. Бір түбіртекте пиджак, шалбар мен жейдеге – 26 мың теңге, екінші түбіртекте тағы бір жейде мен галстукке – 10 мың теңгеден жоғары жұмсалғаны көрсетілген. Жалпы сомасы 36 мың теңгеден асады.

Сонымен қатар министр баласының бұрынғы мектеп формасы бар екенін, оны биыл да киетінін атап өтті.  

"Министрліктің 475 мың мұқтаж балаға мектеп формасын сатып алуына қаржылай көмек көрсету шараларын қадағалап отыратынын атап өткім келеді. Оқу жылы қарсаңында Үкімет бұл мәселені бақылауға алды. Премьер-министр тиісті тапсырмалар берді", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов "Өзін-өзі тану" туралы: мұғалімдерге қосымша ақша табу мүмкіндігі болған