Аймағамбетов: Мектепке кітап сатып алу керек екен деп ойға келген әдебиеттерді алуға болмайды
Министр "Оқуға құштар мектеп" жобасының қалай жүзеге асып жатқанын айтты.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп кітапханаларының жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, қажетсіз кітапты артық сатып алған мектептер бар. Сондай-ақ, министр мектептерде көрмелердің дұрыс ұйымдастырылмайтынына да тоқталды.
"Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен оқу сауаттылығының сапасын арттыру – біз үшін үлкен міндет. Осы бағытта біз "Оқуға құштар мектеп" жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Әрине, жақсы өзгерістер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Кітапханалар қазір балаларға қажет оқулықтармен толықтырылып жатыр. Жаңа 400-ден астам коворкинг орталығының ашылғаны, кітапханашылардың жұмысын жаңа форматта жалғастыра бастағаны, оқырмандар санының көбеюі бізді қуантады. Десе де, әлі шешілмей жатқан сұрақтар баршылық", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ
Әрі қарай министр аталған жобаның барлық өңірде бірдей жүзеге асып жатпағанына тоқталды. Әсіресе, елордада жүзеге асу деңгейі өте төмен. Жаңадан енгізілген күнделікті 20 кітап оқуды да қолға алуды жалғастыруды тапсырды.
"Өткенде бір мектепке барып, кітапханасын қарадым. Балаларға арналған кітапхана болғандықтан, мен мұндалап тұрған кітаптарды көрсетіп қою керек. Бірақ, оның орнына балаларға қызық емес туындыларды алдыңғы қатарға шығарып қойған", – деді министр.
Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов мектептерге қажетсіз кітаптардың сатып алынғанына тоқталды. Осы орайда, ол арнайы тізім барын еске салды.
"Кей қажет емес кітаптар сатып алынған. Мүмкін қажет те шығар, тек сан жағынан артықтау. Әйтеуір, кітап сатып алу керек деп ойға келген кітапты сатып алудың қажеті жоқ. Тиісті тізім мен мектеп бағдарламасы бар. Кітапты сол бағдарламаға сәйкес қана сатып алу керек. Бұл жұмыспен бізде республикалық кітапхана мен оқулық орталығы айналысып жатыр. Сіздерге тағы екі жұма уақыт беремін. Барлық білім беру ұйымы бойынша тиісті талдау жұмысын жүргізіп, есеп беріңіздер. Сол есеп нәтижесіне сәйкес, тиісті шараларды қабылдаймыз", – деді министр.
Еске салсақ, профессор Рахман Алшанов мектеп кітапханаларындағы ғылыми кітаптар үлесінің тым аз екенін сынға алған болатын. 2021 жылы қазақстандық мектептерге сатып алынған кітаптардың 80 пайыздан астамын әдеби туындылар құраған.