Аймағамбетов: Бір ғылыми жетекшіге 15 докторант бекіту дұрыс емес
2023 жылдан бастап докторантураға түсуге үміткерлер болашақ диссертациясының ғылыми негіздемесін ұсынуы қажет.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тақырыбында болған талқылау қорытындыларын айтты.
Министрдің сөзінше, "Қазақстан тарихы", "Қазақ философиясы", "Қазақ тілі мен әдебиеті" сынды гуманитарлық бейіннің ерекшеліктерін ескеріп, WоS және Scopus тізбесіне кіретін басылымдарда мақала жариялаудың орнына КОКСОН тізіміне енген журналдарда 5 мақала және ғылыми конференциялардан 2 материал жариялау, болмаса сенімді баспаларда (Elsevier, Brill, CRC Press, DeGruyter, Edward Elgar Publishing, Springer Nature және басқалары), сондай-ақ, US News Best Global Universities Rankings, Academic Ranking of World Universities немесе Times Higher Education World University рейтингінің топ-100 құрамына кіретін университеттерде монография шығару ұсынылды.
Оқи отырыңыз: Еңбекақы калькуляторы. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы қанша?
"Былтыр КОКСОН тізіміне енгізілген ғылыми журналдарға қойылатын талаптарды едәуір күшейттік және тізімнен әлсіз журналдарды алып тастап, ескі тізімді толығымен жаңарттық. Сол себепті бұл шешімді жұмыстың қисынды жалғасы деп санаймын. Әрине, толыққанды дәйексөз жүйесі бойынша жұмыс созылып кетті, бірақ соған қарамастан оның қорытындысы шығарылады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге, 2023 жылдан бастап келесі өзгерістер енгізілмек:
- Докторанттарды қабылдау. Докторантураға түсу кезінде үміткерлерге өздерінің болашақ диссертациясының ғылыми негіздемесін (research proposal) ұсыну ұсынылды.
- Докторанттардың зерттеу құзыреттілігі. Бұған дейін докторанттардың "Академиялық хат", "Ғылыми зерттеу әдістері" пәндерін міндетті түрде оқуы енгізілген. Бұл құзыреттер кез келген докторантқа ғылыми зерттеулерді өз бетінше орындау үшін қажет. Осы пәндерді меңгеру үшін біліктілік емтиханын өткізу ұсынылады.
- Ғылыми басшылық. Бір ғылыми жетекшіге 15 докторант, кейін біріншісі қорғаудан өте алмаған жағдайда тағы бесеуін бекіту тәжірибесі дұрыс емес. Бүгінгі таңда ғылыми жетекшілер көп жағдайда докторанттармен жұмыс істеуге жеткілікті көңіл мен уақыт бөлмейді.
"Бұл мәселені шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Осы ұсыныстарды қосымша сараптама мен талқылаудан өткізгеннен кейін нақты шешім қабылданады", – деді министр.