Аймағамбетов: Білім сапасы төмен өңірлерге баратын үздік ұстаздарға әлеуметтік пакет беріледі
Пакетте жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу сынды әлеуметтік шаралар қамтылмақ.ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов проблемалы өңірлерге барып жұмыс істейтін үздік ұстаздарға әлеуметтік қолдау шаралары жинақталған пакет берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, министр білім сапасын арттыру үшін қай өңірлерде шетелдік ЖОО филиалдарының ашылатынын айтты.
"Қызметтерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуы үшін гранттар беру жөніндегі норманы қабылдау жоспарлануда. Мемлекет тарапынан мұндай қолдау қажетті шара болып табылатынына сенімдімін. Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде біз олардың ерлігінің куәсі болдық, азаматтарды өз өмірлерін аямай қорғады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Әрі қарай ол білім сапасы төмен өңірлерге барып жұмыс істейтін ұстаздарға бірқатар жеңілдік болатынын атап өтті.
"Кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға қатысты айтатын болсам. Біз қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі", – деді министр.
Мұнымен қатар, тағы 5 шетелдік ЖОО филиалын ашу мәселесіне тоқталды. Айтуынша, бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді.
"Біз осы бағыттағы жұмысқа кіріскенімізді атап өткім келеді. 2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды. Сонымен қатар, Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Бұдан өзге білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бойынша қосымша гранттар бөлу жоспарлануда.
"Аталған мақсатты гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін болады. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бойынша бітірушілердің жұмыспен қамтуды шарттардың бірі ретінде бекіту ұсынылады. Ағымдағы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өсетін болады", – деп қосты министр.