Еліміздің әнұранын айту бойынша бұл да баяғыдан қалыптасып келе жатқан жақсы тәжірибе. Бірақ, барлық мектепте ол бірдей іске асып жатыр деп айтуға болмайды. Сондықтан бұл мәселені біз биылғы жылғы әдістемелік нұсқау хатта міндетті түрде бөлек белгілеп, сіздерге осы тапсырманы тағы да беріп жатырмыз, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

"Жалпы мектептік іс-шараларды өткізу кезінде мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды насихаттау маңызды. Осыған байланысты әр аптада дүйсенбі сайын оқу күнін Қазақстан Республикасының әнұранын орындаудан бастау ұсынылады. Оқу тәрбие процесі кезінде балалардың қауіпсіздігін де ескеру қажет. Балалардың қауіпсіздігі мектепте болып жатқан барлық іс-әрекеттерде қалыптасады және көрінеді", – деді Гүлмира Кәрімова.

Ары қарай БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы мектеп басшысының балалармен қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөлуі қажет екенін айтты. Осы мақсатта мектеп басшысы оқу күндері оқушыларды мектепке кірген кезде қарсы алуы керек екеніне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде психологиялық қызмет құру жоспарланып отыр


"Қолайлы білім беру ортасы педагогтар, білім алушылар, ата-аналар, мектеп әкімшілігі мен қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасының сапасымен айқындалады. Педагогқа мұғалім немесе аты-жөні бойынша жүгіну арқылы мектеп қоғамдастығында бір-біріне құрметпен қарауды дамыту маңызды. Мұғалімнің қатаң түрде оқушыға есімі бойынша, ал әріптестеріне аты және әкесінің аты бойынша үндеуі", – деп атап өтті Гүлмира Кәрімова.

Мұнымен қатар, білім министрі Асхат Аймағамбетов те ұлттық рәміздерді ұлықтаудың маңыздылығына тоқталып, осы бағытта жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

"Еліміздің әнұранын айту бойынша бұл да баяғыдан қалыптасып келе жатқан жақсы тәжірибе. Бірақ, барлық мектепте ол бірдей іске асып жатыр деп айтуға болмайды. Сондықтан бұл мәселені біз биылғы жылғы әдістемелік нұсқау хатта міндетті түрде бөлек белгілеп, сіздерге осы тапсырманы тағы да беріп жатырмыз. Бұл мәселе өте маңызды. Кеше ғана біздің ұлттық рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Ұлттық рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, білу, оны айту деген де маңызды. Мұның барлығы мектептің табалдырығынан, балабақшадан бастап қалыптасады. Сондықтан жұма сайын әнұранды шырқау тәжірибесі өте жақсы. Осы жұмысты басқа да мектептерде жалғастыру қажет", – деді Асхат Аймағамбетов.