Әйелдерге арналған ипотеканың шарттары жеңілдейді. Дәлірек айтқанда қатысушының табыс мөлшері қайта қаралады, деп хабарлайды krisha.kz сайты.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауы тиіс болса, енді ол екі есеге артып, 640 мың теңгені құрайды. Жаңа шарт болжам бойынша 2022 жылдың сәуір айында Отбасы банк пен Азия банкі өзара даму келісімдерін жүргізген соң қолданысқа енеді.

"Ұмай" ипотекасын алу үшін бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 15 пайызын құрайды. Оны бірден сатушыға төлеуге болады. Мөлшерлеме 12 пайыздан басталып, кейін 3,5 пайызға дейін төмендейді. Несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін. Мысалы, несие 14 жылға рәсімделсе, алғашқы 10 жылда мөлшерлеме 12%-ды, қалған 4 жылда 3,5%-ды құрайды.


Оқи отырыңыз: 


Декреттік демалыстағы әйелдер "Ұмай" ипотекасын рәсімдей алмайды. Заңды некеге тұрған болса, күйеуі екеуінің ортақ жалақысы есептеледі. Жеке кәсіпкерлігі болған жағдайда соңғы жылдағы табысы ескеріледі.

Еске салсақ, 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы туралы жазған едік. Отбасы банк несие мөлшерлемесі төмендетілген, алғашқы жарнасы қолжетімді жеке және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын ұсынды.