Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың Air Astana әуе компаниясының бортына отыру кезінде болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Еске салайық, ұшаққа отыру үшін арбамен сәл кешігіп келген әншіні бортсеріктер өзге жолаушылардың бәрін отырғызып болғанша күтуге мәжбүр еткен. Бұл жайт әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызды. 

Кейін бұл оқиға бойынша түсініктеме берген әуе компаниясының өкілдері бортсеріктер әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай әрекет еткенін түсіндірді. 

"Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келген. Сондықтан, әуе компаниясының агенті жолаушылар мініп алғанша күте тұрыңыздар деген. Әуе компаниясы осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді", - делінген компанияның мәлімдемесінде. 


Оқи отырыңыз: "Түсіністікпен қарауға болар еді". Сауда министрі Бибігүл Төлегенова мен Air Astana арасындағы оқиға жайында пікірін айтты


Мәдениет министрі Аида Балаева осы жағдайға қатты алаңдағанын айта келе, әуе компаниялары мен олардың қызметкерлерін ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауға шақырды. 

"Әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, орын алған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі", – деді Аида Балаева.