Бүгін "Әскери баспана" бағдарламасына қатысушыларды іріктеу нәтижелері жария болды. Тізіммен Baspana market сайтында танысуға болады.

Іріктеу нәтижесінде 1 380 адам, резервтік тізімге 276 адам енген. Несиеге өтініш беру 10 қазанда басталады. Ал баспана іздеуге бір жыл уақыт беріледі. Яғни, негізгі тізімге енген адамдарға 2023 жылдың 9 қазанына дейін тұрғын үй іздеу мүмкіндігі беріледі.

Негізгі тізімге енгендер 2022 жылдың 10 қазанынан бастап несиеге өтініш бере алады. Маңызды артықшылығы – енді бағдарламаға қатысушыларға баспана іздеуге, оны бағалатуға және несиеге өтінім беруге тура бір жыл уақыт беріледі. Яғни, 2023 жылдың 9 қазанына дейін тұрғын үй төлемдерін алушылар асықпай, байыппен өздеріне ыңғайлы елді мекеннен жайлы баспана таңдап, оны қолжетімді шарттармен несиеге сатып ала алады.

"Биылғы жылдан бастап "Әскери баспана" бағдарламасының шарттары бойынша, тек жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Бұл пайдалануға берілген тұрғын үй немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үйден таңдалған пәтер болуы мүмкін", – делінген Отбасы банкінің хабарламасында.


Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?


Жаңа тұрғын үй сатып алғанда, тұрғын үй төлемдерін алушылар бірқатар артықшылықтарға ие болады:

  • баспананың қабырғалары биік, асханасы үлкен, пластикалық терезелермен жабдықталған, заманауи стандарттарға сай салынған болады;
  • тұрғын үй кешені жаңа инженерлік тораптармен жабдықталған болады;
  • пәтерлердегі бөлмелердің орналасуы бірегей болады, яки үй-жайды өз еркіңізбен жоспарлауға мүмкіндік бар;
  • жаңа үйдің бірінші меншік иесі боласыз;
  • құрылыстың бастапқы кезеңінде тұрғын үйді төмен бағаға алуға болады.

Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгерген жоқ. Ең төменгі қажетті жинақ сомасы 15%-ға тең. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% (ЖТСМ 8,3%-дан бастап). Несие мерзімі – 25 жылға дейін. Несиенің ең жоғарғы мөлшері – 50 млн теңгеге дейін.