Қазақстанда алаяқтар өздерін әділет органдарының қызметкері ретінде көрсетіп, азаматтардың жеке мәліметтерін сұрайды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли алаяқтар сенімді көріну үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалған куәліктерін көрсететінін айтты.

"Соңғы уақытта алаяқтар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі басшылығының атынан азаматтарға жүгініп, жеке мәліметтерді сұрап жатыр. Әділет министрлігі жеке деректерді (аты-жөні, ЖСН, мекен-жайы, телефоны) үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарға  жарияламауға шақырды", – деді Талғат Уәли.

Департамент басшылығы мен әділет қызметкерлері телефон қоңыраулары мен SMS арқылы деректерді сұрамайтынын атап өтті. Алаяқтықпен бетпе-бет келген азаматтарға құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылады.


Оқи отырыңыз: Қалай акцияға сеніп, алаяқтың алдауына түсіп қалмауға болады?


Әділет министрлігінің қызметі туралы ақпаратты департаменттің 119 телефоны бойынша байланыс орталығынан алуға болады.