Абай облысының оқушысы қойшы жұмысын жеңілдететін автоматты жоба әзірледі
Жоба арқылы жем, шөп науаға автоматтандырылған жүйе арқылы салынып, су мотор арқылы құйылады.Абай облысының оқушысы қой шаруашылығын автоматтандыратын жоба әзірледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба авторы Аягөз ауданындағы көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Бекнұр Айдарбектің айтуынша, бұл қойшы жұмысын жеңілдетеді.
"Жобада қойшының жұмысын жеңілдету үшін жем, шөп науаға автоматтандырылған жүйе арқылы салынып, су мотор арқылы құйылады. Ферманың іші жарық, таза. Қойларды жаю үшін "электроқойшы" құрылғысын ұсынамыз. Құрылғыны басқа жайылымға апарып орнатуға да болады. 2 га жер сыммен қоршалып, қой сол қорғанның ішінде жайылады", – деді Бекнұр Айдарбек.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды
Автор жобаны іске асыру кезеңінде қаражаттың жұмсалуын есептеп, маркетингтік жоспарын жасаған.
"Жазғы, қысқы демалыс кезінде ауылға барып, атама көмектесемін. Шаруашылықта мал бағу, жем-шөп дайындау секілді жұмыс көп. Менің арманым — шаруашылықты автоматтандыруға қол жеткізу, бұл әкем мен атамның жұмысын жеңілдетер еді. Жобаны қазіргі таңда шаруа қожалығына ұсындым. Қазір мамыр айында өтетін фестивальға дайындалып жатырмын", – дейді Бекнұр Айдарбек.