KAZ Minerals Абай облысындағы Орлов шахтасында болған қайғылы оқиға туралы хабарлады. 

2024 жылғы 19 қыркүйекте шамамен сағат 14.20-да Орлов шахтасында кәсіпорынның екі қызметкері жарақат алды. Алдын ала анықталған себебі – тау-кен массасының опырылуы. Алған жарақаттардың салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Екінші қызметкер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтты.

"Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Қайғылы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды. KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук жазатайым оқиғаны тергеуге қатысу үшін өңірге барды", – делінген хабарламада.

KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Компания қаза болған қызметкердің отбасына жан-жақты көмек көрсетеді.

Абай облысының полиция департаметі Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазір оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.