Парламент мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әлия Сапарова ұлттық мұражайларда фотостудия, әртүрлі ұлттық тағамдар мен шебер бұйымдары сатылатын дүкендер ашу мәселесін көтерді. Айтуынша, бұл туристерді тартып қана қоймай, музейдің пайда табуына жағдай жасайды.

"Жекешелендіруге жататын мәдениет ұйымдарынан өтініштер көптеп түсіп жатыр. Оған себеп – аталған мәдениет ұйымдарын жеке қолға белсенді түрде өткізіп жатқандығы. Түсінгенімізше мұндағы басты мақсат бюджетті рентабельді емес ұйымдардан арылту. Егер олар шын мәнінде іс жүзінде ешқандай пайда таппайтын болса, олар қалай рентабельді ұйымға айнала алады? Бұл ұйымдардың меншік нысанының өзі қызметін барынша шектеп тұр. Негізінде дәл осы мәдениет ұйымдары Қазақстанның туристік картасында басымдыққа ие болып осы салада бәсекеге қабілеттілікті арттыра алады. Сол мұражайларымыз икемді баға белгілеп, азық-түлік, кәдесыйлар сататын дүкендер, фото және бейне студиялар ашса, сол туристерді тартатын орталыққа айналатын еді", – деді парламент мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әлия Сапарова.


Оқи отырыңыз: Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр


Осы орайда, ол министр Дәурен Абаевтан ұлттық мұражайларды жеке ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру мәселесінің жайын сұрады.

"Біздің тараптан мәдениет саласындағы мекемені жекеменшікке беру мәселесі қарастырылмады. Қазір оны жекеменшікке бермей, өзіміз әрі қарай дамыту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Осы тұста туризм мен мәдениет саласының бір министрлікте болуы жақсы бір нышан деп айтуға болады. Өйткені, біздің мәдениет саласындағы объектілеріміз туристер баратын ең басты орындарға айналуы тиіс. Бұған дейін мәдениет пен туризм комитеттері визит-орталықтарды көбейтті. Енді біз олардың сапасын көтеруіміз керек, мейлінше санын қысқартамыз", – деді Дәурен Абаев.

Әрі қарай министр музейлердің ішінде шеберханашылар дүкені мен ұлттық тағамдар мейрамханасын ашуды ұсынды. Айтуынша, бұл екі тарапқа да пайда әкеледі.

"Музей пайда тапқан жағдайда ол қаражатты бюджетке бағыттайды. Әзірге түскен қаражатты өз пайдасына жарату мүмкіншілігі болмай тұр. Қазір осы және мұражайлардың ішінде сувенир продукцияларын сату, шеберханашыларға орын беру сынды мәселені қарастырып жатырмыз. Осылай мұражай өзіне түскен қаражатты өзі жұмсаса, бұл бәсекенің пайда болуына әсер етеді. (...). Музейлерде кәдесый сататын дүкен мен ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамхана ашсақ, туристерге ыңғайлы болатын еді", – деп қосты министр.