Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мектеп формасы мен оқу-құралдарының бағасы тұрақталады дегеніне 5 күнге жуық уақыт өтсе де, тауар құны түспей тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арнаның мәліметінше, бір жыл бұрын 13 теңгеден саудаланған дәптерлер қазір сауда орталықтарында 40 теңгеден сатылып жатыр. Оны алудың өзі оңай емес. Өйткені, саудагерлер кемі 7-8 мың теңгеге сауда жасамаған тұтынушыларға дәптер сатпайды екен.

"Қаржысын қажетіне аздап болса да жеткізу үшін ел үнемдеуге мәжбүр. Тіпті бала киімін толық түгендемек түгілі, 40 теңгенің дәптерінен әрі кетсе 10 дана ғана алады екен. Өйткені, тапқан-таянғаны тамағынан артылмайды. Ал саудагерлер бағаны қанша түсіргісі келсе де, мүмкіндік жоқ. Себебі, шығынға ұшырайды. Сондықтан олар Үкіметтің оқу құралдары мен мектеп формасының бағасын ұстап тұруға қатысты ұсынысы ақылға қонбайды деп санайды" делінген арна сюжетінде.

"Ана тілегі" қоғамдық қорының өкілдері биыл жағдайын айтып, жәрдем сұрап келетіндердің қатары екі есеге көбейгенін айтады. Бұл да – тұрмысы төмен отбасыларға берілетін көмек пен тарату тетігі дұрыс еместігінің бір мысалы.


Оқи отырыңыз: