650 мың жалақы төлеп, балаларды шетелде тегін оқытады. Бірнеше ауылдың өмірін жақсартқан кәсіпкер кім?
Кәсіпкер спорт интернаты, мектеп және мал бордақылайтын алаң салған.Алакөл ауданына қарасты Лепсі өлкесінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 170 бала білімін жетілдіріп жатыр. Кішкентай ауылда орналасқан интернат жыл соңына дейін спорт кешеніне айналмақ. Мұнымен қатар, спорт пен оқуда үздік атанған түлектер шетелде тегін білім алады. Осы орайда, бірнеше ауылдың тұрғындары мешіт, мектеп және жатақхана салып, жүздеген адамды жоғары жалақы төленетін жұмыспен қамтыған кәсіпкерге алғыс айтты, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында ауыл тұрғындары өз күшімен мектеп құрылысын бастаған. Алайда, аудан әкімдігі оны заңдастыруға қарсы
Өлкеде интернаттан бөлек 250 балаға арналған дене шынықтыру сауықтыру кешені бой көтермек. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыдан шыққан жүздеген бала мұнда білім алып қана қоймай, үздік жаттықтырушылармен жаттығып, шетелде тегін оқи алады.
"Қонақ үйге ұқсайтын бес қабатты жатақхана салып жатыр. Әр бөлмесіне 2-3 баладан орналасады. Ішінде асхана, кітапхана және демалыс бөлмелері бар", – деді Лепсі спорт интернаты директорының орынбасары Советхан Нүсіпов.
Оқи отырыңыз: Бір оқушы үшін – 920 мың теңге. Мектеп не жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен қанша қаржы алады?
Ауыл тұрғындарының өтінішімен кәсіпкер Бауыржан Оспанов аз күнде ауылға мешіт, кітапхана, мұражай және спорт интернатын салып берген. Мұнымен қатар, мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, мал бордақылау алаңын ашқан.
"Малды үнемі тексертіп тұрамыз. Әрине, 5 мың малдың ішінде өлетіні болады. Мұндай жағдайда дәрігер бірден өлексені тексеріп, немен ауырғанын анықтайды. Бірақ бұл секілді жағдайлар сирек кездеседі", – деді шаруа қожалығының үйлестірушісі Асқар Мұқашев.
Лепсіден бірнеше шақырымда орналасқан Көлбай ауылының кіре берісі мен шыға берісі қоқыс алаңына айналған. Арасында малдың өлексесі бар. Қарама-қарсы жерде 5 мың қойға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Кәсіпкер Оспанов мал асыл тұқымды әрі етті болуы үшін жүздеген алқапқа шөп пен жүгері себеді. Ал жетпегенін халықтан сатып алады.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында кәсіпкер жұмыссыз қалған қызметкерлері үшін көмек сұрады
"Бауыржан Оспанов жерлеріңді беріңдерші, сендерге бірнәрсе жасап беремін" деген әңгіме айтпады. Барлығын өзі жасап берді. Осында "Кәсіпкер біздің жерімізді не пайымызды тартып алды" деп бірде-бір адам айта алмайды", – деді Алакөл ауданының бұрынғы әкімі Болатбек Қопсаланов.
Сондай-ақ, Көкпай ауылында жиналған 200-ге жуық жұрт кәсіпкердің арқасында соңғы жылдары қал-ахуалының айтарлықтай жақсарғанын бөлісті. Айтуларынша, кәсіпкер екі жүзден астам адамды жұмыс орнымен қамтып, әрқайсысына ай сайын 250-650 мыңға дейін жалақы төлеп отыр.
Бәлкім, сізге қызық болар: