Батыс Қазақстан облысында тәуліктік қуаты 200 мың консервіленген қалбыр өндіруге жететін "Кублей" зауыты жабылса, оған ет өнімдерін өткізіп отырған 2 500-дей шаруа қожалығы да табыссыз қалады, деп мәлімдеді адвокат Бақытжан Базарбек.

Оның айтуынша, 2020 жылы зауыт жанында бірнеше тұрғын үй құрылысы басталып, қазіргі уақытта оның бірі пайдалануға беріліп үлгерген. Мәселе тұрғын үй кешенінің зауыттың санитарлық қорғау аймағына еніп кеткенімен байланысты болып отыр. Сәйкесінше, тұрғын үй кешендері құжат жүзінде заңдастырылатын болса, онда санитарлық қорғау аймағы 100 метрден қысқарып кететін зауыт жабылуы тиіс. Бұл жағдайда зауытта жұмыс істейтін 600 адам жұмыссыз қалады.

"Негізінде кәсіпорын маңындағы тұрғын үй құрылысы да және сол құрылысты жүргізуге берілген рұқсат та заңсыз. Жер учаскесінің бастапқы нысаналы мақсаты өзгертіліп, тұрғын үй құрылысы салына бастаған уақытта-ақ бұл мәселе бойынша сот отырысы өтіп, ол кәсіпорын пайдасына шешілген болатын. Алайда бұған қарамастан, жергілікті уәкілетті органдар тарапынан тұрғын үй салуға рұқсатнама құжаттары берілген. Бұл ретте құрылыстың заңды не заңсыз екеніне де тексеру жүргізілмеген", – деп түсіндірді адвокат.

Кәсіпорын маңынан бой көтерген тұрғын үй кешені. Фото: Uralskweek.kz

Оқи отырыңыз: Бақытжан Базарбек: әкімдер жер комиссиясының шешімдерімен өз қылмыстық іс-әрекеттерін бүркемелейді


Сорақысы, құрылысты жүргізген компания 5 қабатты тұрғын үй пәтерлерінің біразын сатып жіберген. Зауыт қауіптіліктің төртінші санатына жататындықтан, оған тым жақын аумақта тұрғын үй кешенінің болуы тек заңсыз ғана емес, адамдар өміріне де қауіпті.

Бұл орайда Орал қаласы әкімдігі сот ісіне қатысты пікір білдіруден бас тартқанымен, қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев 31 арна эфирінде зауыт жұмысы қандай жағдайда да тоқтамайтынын мәлімдеді.

"Қазіргі таңда әкімдік пен зауыт арасында сот болып жатыр. Әзірге оған қатысты пікір білдірмейміз. Ал "зауыт жабылуы тиіс пе?" деген сұраққа жауап біреу: әрине, жоқ. Бұл жұмыс істеп, салық төлеп тұрған кәсіпорын. 600 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бизнесті өркениетті, дұрыс жолмен жүргізеді. Жекелеген ақаулары бар, бірақ, оның бәрі шешілетін мәселе", – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев.

Қазіргі таңда сот ісі жалғасып жатыр. Кәсіпорын қорғаушысы жергілікті әкімдік пен жер қатынастары, сәулет құрылыс басқармасының үстінен шағымданудағы мақсат – тек зауыттың санитарлық қорғау аймағын сақтап қалу ғана емес, аталған мекемелердің жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыруына қатысты әрекеттерінің тексерілуін де талап ету екенін айтып отыр.