60 пайызы "легионер" Атырау футбол командасына өз жанкүйерлері қарсы шықты
Командадағы 25 футболшының 15-і – шетелдік спортшылар.Атыраулық футбол жанкүйерлері Қазақстан біріншілігінде Тобыл мен Атырау командаларының ойыны кезінде шу шығарды. Олар, тіпті, стадионға қолына "Атырау алаяқтарды асырап отыр" деп жазылған плакат ұстап келген. Футболшылардың сылбыр ойынына көңілі толмайтын олар өңір футболын дамытуға бөлінетін ақша далаға кетіп жатыр деп есептейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"40 жылдан бері жанкүйермін. Атырау футболына қарным ашып тұр. 1 миллиард 200 млн ақша бөлінді. Сол бөлінген ақша далаға кетіп жатыр", – деді жанкүйер Жалғас Күзембаев.
Оның айтуынша, қазір Атырау футбол клубын "доп теуіп көрмеген" өзге өңірдің адамы басқарып отыр. Оған қоса, команда құрамы жыл сайын өзгеріп тұрғанымен, жергілікті спортшыларды командаға қоспайды екен.
"Команданың бәрі – легионерлер. Африка, Бразилия, тіпті Беларусьтен келгендер бар. Атыраулық бірде-бір футболшыны алмайды. Тренер жергілікті спортшыларды қабылдамай, Арменияның ойыншыларымен толтырды", – дейді тағы бір жанкүйер Боран Мұхамбетжанов.
Атырау футбол клубының директоры Қонысбай Шпанов бұл шағымдармен келіспейтінін жеткізді.
"Атырауда нәтиже жоқ, команда нашар деген шағымдар айтылады. Мен оның барлығымен келіспеймін. Өйткені, арызданған адамдармен біз жеке кездестік, олар стадионға келіп, ойын қарамаған адамдар", – дейді ол.
Ал Атырау команадасының жаттықтырушысы футболшылардың соққысының әлсіздігіне карантин кінәлі екенін айтады. Оның үстіне стадионда жанкүйердің аздығы да себеп. Жалпы, командадағы 25 ойыншының 15-і – шетелдік футболистер. Олардың айлық еңбекақысы 2 миллион теңгеден басталады.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: