Қазақстанда "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес, туберкулезге шалдыққан науқастарға жергілікті әкімдіктен қаржылай әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2022 жылғы 10 айда 11 472 адам 6 126 теңге мен 45 945 теңге аралығында әлеуметтік көмек алған. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабынан белгілі болды.

Әлеуметтік көмек алған 11 472 адамның 10 220-сына ай сайын, 256 адамға тоқсан сайын және 996 адамға жылына бір мәрте көмек көрсетілген.


Оқи отырыңыз: Балаларға екпе салдыру дұрыс па? Маңызды 10 сұраққа жауап береміз


"Бұдан басқа жекелеген өңірлерде туберкулезге қарсы іс-шаралар жоспары әзірленіп, соған сәйкес емделуге, жол жүруге, азық-түлік жиынтығын сатып алуға материалдық көмек, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын балалары бар ата-аналарға психоәлеуметтік көмек көрсетілуде", – делінген Ерұлан Жамаубаевтың жауабында.

Еске салайық, бұл санатқа жататын науқастардың әлеуметтік көмек алуы үшін табысын растау міндеттелмейді. Яғни, әлеуметтік көмек амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулезбен ауыратын науқастарға табысына қарамастан тағайындалады.