Ел ішіндегі "Қазақстанда жаңадан енгізіліп жатқан 5G мобильді интернет желісі қауіпті" деген қауесет қаншалықты шындыққа жанасады? Ұлттық сараптама орталығының мамандары Шымкентте арнайы құрылғы көмегімен зерделеу жұмысын жүргізді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Мамандар Шымкенттің халық ең көп шоғырланған Солтүстік шағын ауданында  5G интернет желісінің 10 базалық станциясын орнатқан. Бірақ, көпшілік станцияның радиациясы жоғары деп, құрылғыны қоюға қарсылық танытқан. Ал мамандар бұл пікірмен келіспейді.

"Байланыстың сапасын жақсарту үшін базалық станцияларды көп орнату қажет. Орнатудағы кедергілердің бірі – радиофобия. Сондықтан радиофобияның алдын алу мақсатында осындай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5G қашан қолжетімді болады?


Мамандар сөзі дәлелді болуы үшін ұлттық сараптама орталығының өкілі арнайы құрылғымен базалық станция маңайында диапазонды өлшеу жүргізді. 5G мобильді желісі секундына 1 гегабайт жылдамдықты қамтып, 3800 мегагерц жиілікті көрсетеді. Мамандардың айтуынша, бұл желінің қоршаған ортаға қауіпті емес екенін көрсетеді.

"Санитарлық норма – бір шаршы сантиметр үшін 10 мВт. Құрылғы бір шаршы сантиметр үшін 3-2-1,5 мВт көрсетті. Бұл мобильді байланыстың нормадан тыс емес екенін білдіреді", – деп түсіндірді байланыс операторының өкілі Бақытжан Сандыбаев.

Зерттеу қорытындысын мамандар көпшілікке ұсынды. Жауапты басқарма өкілдері байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін Шымкентте 200 базалық станция орнатылатынын айтады. Оған қоса, қала шетіндегі 30-ға жуық елдімекенде 5G мобильді желісін жүргізу жоспарланған.