545 мың қазақстандықтың несиесін өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан
Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.Несие алушылар саны 6,1 миллион адамға жетті. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Кейінгі 1,5 жылдағы белгілі бір қиындықтар қаржы нарығына да оңай тиген жоқ. Мұндай жағдайда біздің басты міндетіміз экономикада да, қаржы жүйесінде де тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы кешенді шараларды іске асыру болды және солай бола береді. Негізі, біз өсім траекториясына шыға алдық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.
Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.
"Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін", – деді президент.
Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.
"Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, бір жылда аурухана қызметтерінің бағасы 60 пайыз қымбаттағаны туралы хабарлаған едік. Салыстырмалы түрде 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 385,9 млрд теңгеге қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,9% көп.