5 пайыздық жаңа ипотека: тұрғын үй бағасы тағы қымбаттай ма?
Жаңа бағадарлама Қазақстандағы 10 моноқала тұрғындарына арналады.Қазақстандық моноқалалардың тұрғындарына 5 пайызбен ипотека беруге арналған жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. "Бәйтерек" холдингінің мәліметінше, алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайыздан көп болмайды. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Қазіргі таңда мамандар ипотеканың шарттары мен параметрлерін мемлекеттік мекемелермен келісіп жатыр. Нақты анығы – жыл сайын жеңілдетілген ипотекаға 11 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Алайда сарапшылардың бір тобы бұл тұрғын үй бағасының тағы көтерілуіне әкелетінін айтып отыр.
"Былтыр 18 миллион теңге тұратын үйлердің бағасы биыл 22-23 миллион теңгеге дейін шарықтайды. Өйткені, сұраныс көп болған сайын пәтер иелері оларды қымбаттау сатады", – дейді риэлторлық компания директоры Руслан Тұрысбеков.
Оқи отырыңыз:
- Тұрғын үй субсидиясына кімдер ие болады?
- Тұрғын үй кезегіне енді тек Egov порталы арқылы тіркелуге болады
Алайда, Krisha.kz сарапшыларының мәліметінше, қазірдің өзінде барлық қалада тұрғын үй қымбаттаған. Мысалы,
- Ақтауда былтыр 7-8 миллионға бағаланған баспана бағасы қазір – 11 миллион теңге. Баға 41-пайызға көтерілген.
- Ақтөбе мен Қызылордада баға 35 пайызға қымбаттаған, яғни бір жылда 2-2,5 миллион теңге қосылған.
- Алматы да осы шамалас: 1 бөлмелі пәтер былтыр 17 миллионнан сатылса, қазір ол үшін 23 миллион теңге сұрап тұр. Екі бөлмелілер 32, үш бөлмелілер 41 миллион теңгеге жеткен.
- Қостанайда 10 миллионға бағаланған пәтерлер қазір 13 миллион теңгеге көтерілген.
Барлық қалада осыған ұқсас баға. Тек, Көкшетау мен Петропавлда ғана пәтер бағасы 15 пайызға көтерілген. Ал жаңадан іске қосылатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама Қазақстандағы 26 моноқаланың тек дамуы төмен онының тұрғындарына ғана қатысты болмақ. Олар: Алтай, Курчатов, Серебрянск, Қаратау, Қаражал, Арқалық, Жітіқара, Жаңаөзен, Құлсары мен Ақсай қаласы.