Астанада оқушылар жүк пойыздары кептелісінің кесірінен дер кезінде мектепке жете алмай жүр. Шлагбаум жабылғанымен кейде оқушылар пойыздың алдын кесіп өтеді. Сол себепті ата-ана баласын мектепке жалғыз жіберуге қорқады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы. 

Астананың ескі шойын жолын бойлай орналасқан елдімекен тұрғындары сағаттап, ұзын-сонар жүк пойызының өтуін күтеді. Дабыл сигналы қосылса екі жақтан шлагбаумдар кең көшені тарс жауып, жол қозғалысы бірден тоқтайды.

"Дәл қазір менің арт жағымда жүк пойыздары жүйткіп өтіп жатыр. Енді арғы бетке өту үшін бұл жердің халқына кемі 20 минут, тіптен 40 минут күтуге тура келеді. Ал пойыздардың қашан келіп, қашан келетіні туралы мәлімет еш жерде жоқ", – деді арна тілшісі.


Оқи отырыңыз: Пойыз билетін енді аралық станциядан қайта отыру мүмкіндігімен алуға болады


Пойыздың алыстан келе жатқанын хабарлайтын күзетшінің айтуынша, бұл жерден күніне кемі 100 пойыз жүйткіп өтеді. Түсірілім кезінде небәрі жарты сағаттың ішінде 10 шақты пойыз өткен. Күзетші адамдардың темір жол астына түсіп кетпеуін қадағалаймын деп күні бойы қара терге түсетінін айтып отыр. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, әсіресе, мектеп оқушылары шойын жол кептелісінің зардабын тартып келеді. Тұрғын Асқар Оралов адамдардың не жұмысқа жете алмай, не балаларын мектепке апара алмай қиналып жүргенін айтты.

"Жедел жәрдем кіре алмайды, өрт сөндіруілер де кіре алмайды. Отыз жылдан бері қасіретін шегіп келеміз. Кешке жұмыстан қайтқанда cегізден онға дейін 1-1,5 сағат жабық болады. Түсте де жабық. Күніне 50 пойыз өтеді. Шыны керек, шаршадық", – деді тұрғын Гүлнұр Бейсембаева.


Оқи отырыңыз: Пойызбен жолға шыққанда нені ұмытпау керек? Жолаушыға арналған алты кеңес


Тұрғындар бірнеше жылдан бері жергілікті әкімдіктен көлік пен адам қатар жүре алатын арнайы өткелдің салынуын талап етіп келеді. Әкімдік бұл мәселені білетінін, көпір салу үшін осы аймақтағы барлық апатты ескі үйлерді сүру қажет деп отыр. Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Айдос Серікбаев қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын айтты. Алайда жоба қаланың бас жоспарына енгізілгенімен, нақты уақыты көрсетілмеген.