2Gis қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосты. Қазақстандықтар оның сапасын жақсартуға қатыса алады
Сервисте қате байқасаңыз, оны мобильді қосымша не сайт арқылы компания өкілдеріне ескерту керек.2Gis геоқызметінің баптауында қазақ тілін таңдап, түрлі ұйымның орналасқан жері туралы ақпаратты мемлекеттік тілде алуға болады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қазақстандағы 2Gis интерфейсі – мәзірі, бөлімдері мен батырмалары қазақ тіліне аударылды. Енді карталар мен ұйымдар туралы деректер де мемлекеттік тілде ұсынылмақ. Осылайша қазақстандықтар 2Gis-те дүкен, дәріхана, тамақтану орындары, мәдени мекемелер, көрікті жерлер және тағы басқа орындардың орналасқан жері туралы ақпаратты мемлекеттік тілде алуға болады.
"Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент және республиканың тағы басқа 41 қаласы мен 1245 елді мекені туралы анықтама мен картадағы мәлімет қазақ тіліне аударылды. Енді осы қызмет түрін сынақтан өткіземіз. Қазақстандықтар мәліметтегі қате туралы қосымшада немесе сайтта ескерте алады. Мұндай кері байланыс қазақ тіліндегі іздеу қызметтерінің жұмысын жақсартып, сапалы аударма жасауға көмектеседі", – делінген компания хабарламасында.
Оқи отырыңыз: 32 жылда тек "Тілдер туралы" және "Көші-қон туралы" заңдар ғана қазақ тілінде әзірленді
Сынақ нұсқаны қолданып көру үшін келесі батырмаларды орындау қажет: мобильді қосымша → мәзір → баптаулар → тіл → қазақ тілі.