2030 жылға дейін Қазақстанда 2,2 миллион жас тұрақты жұмысқа орналасады
Жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
"Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн", – деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілгенін еске салды. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.
Оқи отырыңыз: Президент батыстағы жастарды мұнайдан басқа салаларға тарту қажеттігін айтты
"Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек", – деді мемлекет басшысы.