Мемлекет басшысы алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетінін мәлімдеді. Мұнымен қатар, ол әкімдердің өзі басқарып отырған аймақтың ерекшелігі мен "әлсіз тұсын" білетініне қарамастан, қиындықты уақтылы бағамдай алмайтынын сынға алды. 

"Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ары қарай президент қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісі жалғасатынын алға тартты. Айтуынша, "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Қазір тиісті заң жобасы мәжілісте талқыланып жатыр.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін


Сондай-ақ, ол әкімдердің қиындықты уақтылы бағамдай алмайтынын сынады. 

"Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және "әлсіз тұстары" бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда 2 есе өсті", – деді мемлекет басшысы. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді