Primeminister.kz редакциясы ауыл шаруашылығы саласының дамуының 2023 жылғы нәтижелеріне арналған шолуды ұсынады.

Ауыл шаруашылығы

Осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңге болды. 16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар және 5 млн жем-шөп дақылдары жиналды. Өткен жылдан ауысқан қорды есептегенде, жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы жылдың 11 айында өнім өндіру көлемі 3,3%-ға артып, 3,8 трлн теңгені құрады.

Ірі қара мал басы 2,9%-ға (9 млн бас), ұсақ мал басы 4%-ға (23,6 млн бас), жылқы 8,3%-ға (4 млн бас), түйе 5,3%-ға (277,6 мың бас), сондай-ақ құс 9,5%-ға (54 млн бас) өсті.

Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда, сары май өндірісі 18,4%-ға (28,7 мың тонна), ірімшік пен сүзбе өндірісі 9,3%-ға (39,8 мың тонна), өңделген сүт өндірісі 3%-ға (548,1 мың тонна), шұжық өнімдерінің өндірісі 1,9%-ға (61,4 мың тонна), өсімдік майы өндірісі 1%-ға (609,4 мың тонна) ұлғайды.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерге тарату мақсатында ауқымды жұмыс басталды.

Аталған мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді, бұл 65 тауарлы сүт фермасының құрылысын қаржыландыруға және сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылы бағдарламаны іске асыруға қосымша 100 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Инфографика: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы "Ауыл аманаты" атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 17 мың шағын несие беру жоспарланып отыр, бұл 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жалпы бүгінде шамамен 69,4 млрд теңге сомаға 11,3 мың шағын несие берілді.

Бүгінгі таңда жоба аясында еліміздің барлық облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды, шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс жалғасуда. 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн га, ал 2022 жылдың басынан бері 10 млн га қайтарылды. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлер тиісті елді мекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың пайдасына беріледі.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында салаға салынып жатқан инвестициялар көлемі артып келеді. 2023 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылды.

207 инвестициялық жоба

  • Қостанай облысында жылына қуаттылығы 40 тонна құрғақ саумал өндірісі іске қосылды. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңгені құрады;
  • Сонымен қатар Қостанай облысында Arbel Bakliyat түрік компаниясы тәулігіне 1 000 тоннаға дейін бұршақ дақылдары өндірісінің толық циклі жобасын іске асырды. Бірінші кезеңдегі инвестициялар көлемі 4 млрд теңгені құрайды, кейіннен 9,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ;
  • Солтүстік Қазақстан облысында 4-ші буынға жататын жаңа инновациялық жылыжай іске қосылды, онда жылына 3 мың тоннаға жуық қызанақ, қияр және салат жинау жоспарланып отыр. Жобаның құны – 7,2 млрд теңге;
  • Ақмола облысында швейцариялық Buhler концернімен бірлестікте құны 2,5 млрд теңгеден асатын глютенсіз сұлы үлпегі өндірісі бойынша жоба іске асырылды. Зауыттың қуаты – сағатына 2 тонна. Кәсіпорында шикізатты қабылдау, кептіру, тазарту және сақтау аймақтары бар;
  • Павлодар облысында 10 мың тонна өнімге арналған көкөніс қоймасы іске қосылды, жоба 1,8 млрд теңгеге бағаланып отыр;
  • Шығыс Қазақстан облысында қуаты 12 мың тонна астық қоймасының құрылысы аяқталды, жобаның құны – 1,2 млрд теңге.
  • Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі Emc agro ЖШС ет комбинаты жылына 15 мың тонна дайын өнім өндіре бастады. Жобаның жалпы сомасы – 11,5 млрд теңге.

Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығына 855 млрд теңге (өткен жылғы деңгейден 11%-ға артық), ал азық-түлік өндірісіне 130 млрд теңге (өсім – 9,5%) тартылды.

Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көздерден шамамен 500 млрд теңге бөлінді.

Субсидиялау жүйесі реформаланды. Қағидалардың барлығына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ұсыныстары негізінде нақты өзгерістер енгізілді.

Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі енгізілді – ол фермерлер үшін тегін және барлық мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған. Оның аясында шағын және орта шаруашылықтардың субсидияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін "күту парақтары" енгізілді.

Алғаш рет субсидиялаудың жалпы қағидаларына фермерлер жылыжайларына маусымаралық кезеңде жабық топырақта көкөніс өсіруге жұмсалатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын субсидиялауға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Желтоқсан айының соңында Түркістан облысында фермерлер жылыжайларына субсидия беріле бастады.

Тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастыру, өндірушілермен меморандумдарға қол қою және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуі тұрақтандырылды. 11 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясының деңгейі 7,5%-ды құрады.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ желісі бойынша АӨК нысандарына несие беруге 461,6 млрд теңге, оның ішінде "Аграрлық несие корпорация" АҚ арқылы 318,6 млрд теңге және "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы 143 млрд теңге бағытталды.

Биылғы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет отандық фермерлерге қосымша қолдау көрсету жөнінде бірқатар шараларды қабылдады.

Отандық фермерлерді қолдау шаралары

  • Үкімет Жамбыл облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге келтірілген залалды өтеуге 3,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
  • Бидайды кептіру үшін 62,5 мың тонна көлемінде жеңілдікпен дизель отыны бөлініп, оның литрі 250 теңгеге берілді, бұл нарықтан 15%-ға төмен;
  • Бәйтерек" холдингінің қаржы институттары тауар өндірушілерге қатысты айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асыруда;
  • фермерлер үшін нарықтық деңгейде 3-санаттағы бидай үшін 120 мың теңге және 4-санаттағы бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде баға белгіленді;
  • Үкімет резервінен 31,3 млрд теңге бөлінді, олар 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алуға жұмсалмақ;
  • 400 мың тоннаға жуық көлемде жұмсақ бидайдың тұқым қоры қалыптасады.

Осылайша, 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және қолдауға мемлекет шамамен 1,2 трлн теңге қаражат бөлді. Жалпы қабылданған шаралар фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартады және оларға 2024 жылғы егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.