2023 жылы IT мамандыққа түсушілер үшін ҰБТ-да информатика міндетті пән болады
Бұған дейін үміткерлер математика, физика пәндерінен тест тапсырып келген.2022-2023 оқу жылынан бастап IT-мамандықтарға түсуші талапкерлер қажетті пәндердің бірі ретінде информатикадан тест тапсырады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
"Бүгінгі таңда ҰБТ-ға дайындық – бұл жоғары сынып оқушыларын алаңдататын басты мәселе. Информатиканы қажетті пәндерінің тізбесіне кіргізу арқылы пәнді оқуға қызығушылық танытқан оқушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік болады, бұл өз кезегінде информатика мұғалімдері кәсібінің беделі мен мәртебесін арттырады", – деп жазды Бағдат Мусин facebook парақшасында.
Министрдің ойынша, болашақта барлық мамандық IT саласымен байланысты болады. Соған орай, әрбір адам математиканы білгені сияқты бағдарламалау негіздерін де білуі керек.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы ҰБТ өзгеріп, мәтіндік сұрақтар саны артады
"Адам бағдарламалауды білсе, бұл оның логикалық ойлауды жетік меңгергенін білдіреді. Осы ретте ол бәсекеге қабілетті бола алады, өйткені ол информатика біліміне негізделген идеялар мен түрлі гипотезаларды іс жүзінде жүзеге асыра алады. IT саласының негіздерін үйрену – бұл тек мамандықты меңгеруде ғана емес, өмірде де пайдалы болары анық", – деп жазды Бағдат Мусин.