2022 жылдан бастап гуманитарлық институттар тұрақты қаржыландырылады
Бұған дейін институттар тікелей қаржыландыру шеңберінде тек гранттық жобаларға тәуелді болатын.Келер жылдан бастап гуманитарлық бейіндегі институттар тұрақты қаржыландырылады. Сондай-ақ, кем дегенде 1 600 ғалым базалық қаржыландыру шеңберінде тұрақты негізде жалақы ала бастайды, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Парламент "Ғылым туралы" заңына түзетулерді қабылдады. Заңға енгізілген түзетулер ғылым саласын қаржыландыру мен қолдау шараларын жақсартуға бағытталған.
"Бұрын-соңды ғалымдардың қатысуымен өтетін әрбір кездесуде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту мәселелері көтерілетін еді. Жалақыны базалық қаржыландыру тетігіне басшылар мен көмекші қызметкерлерді ғана емес, сонымен бірге ғылыми қызметкерлерді де қосу қажеттілігі туралы мәселе жылдар бойы көтерілетін. Гуманитарлық бейіндегі ғалымдарымыз (қазақ әдебиеті, тіл білімі, Қазақстан тарихы, археология, философия және т.б.) осы бағыттарды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екендігін 10 жылдан астам уақыттан бері айтып келеді", – деді Асхат Аймағамбетов.
Жаңа нормалар заң жобасына қол қойылғаннан кейін келесі жылдан бастап заңды күшіне енеді. Яғни кем дегенде 1 600 ғалым базалық қаржыландыру шеңберінде тұрақты негізде жалақы ала бастайды.
"Ал гуманитарлық бейіндегі институттар тікелей қаржыландыру шеңберінде тек гранттық жобаларға тәуелді болмай, керісінше өз бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу үшін тұрақты қаржыландырылатын болады. Сонымен қатар, ғылыми қауымдастық көптеген жыл бойы ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының объективтілігін арттыруға ұмтылып келеді. Өйткені бюджеттік қаржыландыру туралы шешімді ғылыми кеңестер қабылдайды. Соңғы екі жылда аталған кеңестердің жұмысында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Ұлттық ғылыми кеңес шешімдерінің барынша негізділігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін заң жүзінде апелляциялық комиссия енгізіліп жатыр. Комиссия ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне қатысты ғалымдардың апелляциялары мен әдеп кодексін сақтау мәселелерін қарастыратын болады", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылатынын хабарлаған едік. Бағдат Мусин аталған мектепте кез келген адамның білім ала алатынын айтты.