Биылғы оқу маусымы дәстүрлі форматта өтетіндіктен студенттерге арналған жатақханаларда орын тапшылығы туындауы мүмкін. Әсіресе ірі оқу орындары көп шоғырланған мегаполистерде бұл мәселе әрқашан өзекті.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың студенттік жатақханалардағы орындарға тапсырысты әзірлеп, бекіту тапсырмасын орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жоғарғы оқу орындары ректорларына барлық жатақханаларға ревизия жүргізіп, төсек орын санын ұлғайту жолдарын қарастыруды тапсырды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Бұл шара қазіргі ахуалды анықтап, студенттерге уақытша тұрғын үй салу жоспарларына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Министр сондай-ақ университеттерге жақын орналасқан жатақханалар мен қонақүйлер (хостелдер) арасында меморандум жасау тәжірибесін кеңінен қолдану қажеттігін де атап өтті.


Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана салған кәсіпкерлер әр орын үшін мемлекеттен 144 АЕК алады


Еске салайық, Үкімет отырысында үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Ғылым және жоғары білім министрлігі облыс басшыларымен және Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қаласы әкімдерімен бірлесе 10 тамызға дейін студенттік жатақханалардағы орындарға тапсырысты әзірлеп, бекітуді, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе білім нысандарына қойылатын Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға өзгеріс енгізуді тапсырған болатын.