200 және 1000 теңгелік монетада Балқаш алабұғасы бейнеленді
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдана береді.Қазақстан ұлттық банкі 2023 жылғы 3 ақпаннан бастап "Қазақстанның флорасы мен фаунасы" сериясынан "Балқаш алабұғасы" коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Монеталар 2 түрде дайындалды:
- 3D және аса жоғары бедерлі технология қолданылған, күміс сынамасы – 925/1000, массасы – 100 грамм, диаметрі – 50 мм, номиналы – 1000 теңгелік, таралымы – 500 дана;
- МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – рrооf-like, номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдана береді. Сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк FIFA world cup Qatar 2022 коллекциялық монеталарын айналымға шығарды
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды. Монеталардың сатылымға қашан шығатыны туралы ақпарат банктің ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, Балқаш алабұғасы – көлде кездесетін эндемикалық балықтардың бірі. Ол 5-7 миллион жыл бұрын жақын тұқымдасы – кәдімгі өзен алабұғасынан бөлектеніп шыққан. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
"Балқаш алабұғасының жойылып кету проблемасы қоғам алдында біздің планетамызды сақтап қалуға аса жауапкершілікпен қарау мәселесін тағы да көтеріп отыр. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан экожүйедегі, тіпті ең кішкентай буыннан айырылу – болашақта жаһандық экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Қазақстан Ұлттық Банкі "Балқаш алабұғасы" коллекциялық монетасын шығару арқылы Балқаш алабұғасының жойылып кету және Қазақстанның табиғатына аса ұқыппен қарау проблемасына назар аудартады", – деп жазылған хабарламада.