2 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында мемлекет қауіпсіздігі мен ел азаматтарының өміріне аса қатер төндіретін қылмыстарға қарсы жедел әрекет ететін "Бүркіт" арнайы жасағы туралы фильм қазақ және орыс тілдерінде прокатқа шықты. Кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген.

Көрсетілімді Киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали ашты.

"Біздің Орталық көрерменге ой салар сапалы және қызықты фильмдердің экранға шығуына мүдделі. Қазір мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды қаржыландыру мехнизмдерін жетілдіру, конкурсты барынша ашық және әділ өткізу, кинематографистерге түсінікті ережелер жасау бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз", – деді Құрманбек Жұмағали.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали / Фото: Киноорталықтың баспасөз қызметі

Айтуынша, талғамы жоғары көрерменге әртүрлі жанрдағы, осындай түрлі трюкқа толы экшн фильмдерді де ұсынған жөн. Бұл фильмде "Бүркіт" арнайы жасағының сарбаздары "күрең берет" кию құқына ие болу үшін сынға түседі.

"Елімізде 200 жуық "күрең берет" иегері бар екен. Күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Сондықтан жаңа фильміміз жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелейді деп сенеміз" – деді деді Құрманбек Жұмағали.

"Бүркіт" фильмі – режиссер Данияр Ибрагимовтің дебюттік жұмысы. Бұған дейін ол "Қазбат" және "Алтыншы бекет" әскери фильмдерінде продюсер ретінде қызмет еткен. Сол себепті тәжірибелі маман туындыны түсіру оған қиындық тудырмағанын айтты.

Фото: Киноорталықтың баспасөз қызметі

Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сынды еліміздің танымал актерлері түсті. Сонымен бірге танымал музыкант Ғалымжан Молданазар да антагонист кейіпкердің рөлін сомдап шықты. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік оқу-жаттығуларына қатысып, тактикаларды үйренді.

"Фильмге түсу үшін біз арнайы нормативтерді тапсырдық. Шынайы сарбаздардан еш айырмашылығымыз болмады. 30 келіден ауыр форманы киіп жүрдік. Бір эпизодтың түсірілімі кезінде арқамды оңбай жарақаттап алдым. Бір апта бойы емделуге тура келді. Өзім каскадер болғандықтан барлық трюктерді өзім жасауға тырыстым", – деді Санжар Мәди.

Бұл киноның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көрікті жерлерінде, Қонаев қаласында, Есік көлінің тауларында және Іле өзенінде өтті.