20 жыл шошқа бағады: Бір әулеттің кәсібінен бүкіл ауыл зардап шегіп отыр
Сасық иістен шаршаған ауыл тұрғындары талай рет құзырлы органға шағымданған. Құқық қорғау органдары айыппұл салумен ғана шектеледі.Алматы іргесіндегі Қырғауылды елдімекенінде Шаян әулеті 20 жылдан бері шошқа бағады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, доңыз етін сатып, саудасын қыздырып отырғандар тазалық сақтамайды. Тіпті, шошқаның қаны мен қиын арыққа ағызады, соның салдарынан ауыл халқы жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сасық иістен шаршаған ауыл тұрғындары талай рет құзырлы органға шағымданған. Құқық қорғау органдары айыппұл салумен ғана шектеледі. Шыдамы таусылған ауыл тұрғындары шошқа асырайтын үйдің ауласында жиналды. Олар есік-терезені ашу былай тұрсын, бала-шағаны далаға шығарудың өзі мұң екенін айтып, шағымданды.
"Мен осы жерде тұрам. Далаға шығуға мүмкіндік жоқ. Бәріміз демікпемен ауыра бастадық. Аллергиямыз шығып жатыр. Тұншығып, терземізді аша алмаймыз. Осы мәселені айтпаған жеріміз жоқ: әкімге де айттық", – деді ауыл тұрғыны Гүлжәмилә Байсалбаева.
Қырғауылды – республикалық трассаның бойында орналасқан. Күре жолмен қатынайтын бүкіл жолаушылар ауылдағы ахуалды жақсы біледі. Бұл маңайға жақындай бергенде көлік жүргізушілері терезелерін жауып, жолаушылар мұрындарын тұмшалап отырады. Жылдың төрт мезгілінде ащы иістің үзілмеуіне шошқа бағатындардың мал қиын тазаламауы және оны аулада союы себеп болып отыр. Дәл есіктің алдынан ағатын арыққа шошқаның қаны мен ішек-қарынның қалдықтарын төгеді.
Оқи отырыңыз: "Төңірекке ауру таратады". Тараздықтар ауласынан шошқа фермасын ашқан көршісіне шағымданды.
Ауыл тұрғындары шағымданбаған жер жоқ. 2020 жылы шошқа бағатын көршілерімен соттасып, жеңіске жеткен, бірақ үш жыл өтсе де Шаян әулетіндегі шошқа басы артпаса, азаймаған.
"Бұл жерге учаскелік полиция қызметкерімен бірге де келдік. Үйіне кіргізбейді. Үйге кірсе, қосауыз мылтығымен атып жіберетінін айтып, қорқытады. Біз айыппұл саламыз. Қолымыздан келетіні – осы", – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов.
Оқи отырыңыз: Бюджеттен 826 млн теңге бөлінген: Өскемен іргесінде алты жыл жарықсыз отырған 500 отбасы шағымданды.
Шошқа асыраушы бұл мәселені көп ұзамай шешуге уәде берді.
"Мен бәрін қалыпқа келтіремін деп ант беремін. СЭС қызметкерлерімен сөйлесіп қойдық. Олар барлық малға түймелерін салып, белгілеп кетті. Енді бір айдың ішінде бәрін құртамыз", – деді Қырғауылды ауылының тұрғыны Рима Шаян.