2 жылға созылған сот аяқталуға жақын: тараптардың жарыссөзі басталды
Орал қаласындағы консерві зауытының санитарлық аумағында тұрғын үй салынған.Батыс Қазақстан облысында "Кублей" зауытына қатысты екі жылдан бері созылып келе жатқан сот ісінің кезекті отырысы өтті.
Сот отырысын ашқан судья Бақтияр Журабаев Орал қаласы әкімдігінің өкілі тарапынан өндірістік істі тоқтату туралы өтініш түскенін хабарлады. Алайда бұл өтінішке арызданушы және үшінші тарап өкілдері қарсылық танытып, сот жарыссөзінің басталуын талап етті.
Бұдан кейін сот тараптардың жарыссөзіне кезек берді. Арызданушы тарап өкілі, "Кублей" ЖШС адвокаты Бақытжан Базарбек зауыттың санитарлық қорғау аймағына салынған тұрғын үйлердің заңсыздығы жөнінде айтты.
"Бұл сот ісі қазір бүкіл ел халқына белгілі. Біз мұнда заң үстемдігін іздеп келіп отырмыз. Мен Жоғарғы соттың 2021 жылы 28 маусымда зауыттың пайдасына шығарған қаулысына назар аударғым келеді. Оның толық заңды күші бар. Бірінші инстанция соты бұл қаулыны теріске шығаратын шешім шығарады деп ойламаймын. Бұл қаулыда қалалық әкімдік тарапы шығарған заңсыз шешімдер жазылған", – деді Бақытжан Базарбек.
Адвокаттың түсіндіруінше, зауыт жанынан бой көтерген төрт тұрғын үйдің үшеуі зауыттың санитарлық қорғау аймағына кіріп тұр. Олардың бірі пайдалануға беріліп үлгерген. Адвокат сот барысында қала әкімдігі тарапынан бірқатар заңсыздықтар анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жазаларға тартылғанына қарамастан, қазіргі таңда сот ісі әлі жалғасып жатқанына тоқталды. Алғашқы екі кассация зауыт пайдасына шешілгеннен кейін Жоғарғы сот істі алғашқы инстанцияға қайтарған. Егер қалған үш тұрғын үй пайдалануға берілетін болса, онда зауыт өндіретін өніміне сәйкестік сертификатынан айырылады. Сәйкесінше, зауыт жабылуы тиіс.
Бұл ретте зауыт адвокаты кәсіпорынның пайдалануға берілген үйге қоныстанған тұрғындарға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін хабарлап, заңсыз әрекеттерге барып отырған қалалық әкімдік өкілдерін жазаға тартуды сұрады.
Жарыссөзде қала әкімдігінің өкілі бұл істе эмоцияға бой алдырмай, жағдайды саясиландырудан аулақ болуға шақырды.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын салушы компания тарабы да сөз алып, құрылыс кезінде кеткен ақаулардың бәрі жойылғанын хабарлады.
Сот отырысы әлі жалғасын табады.
Оқи отырыңыз: 600 адам жұмыссыз, 2500 шаруа қожалығы табыссыз қалуы мүмкін
Еске салайық, "Кублей" зауытына қатысты сот ісіне екі жылдан бері нүкте қойылмай келеді. Кәсіпорын адвокаты Бақытжан Базарбек тәуліктік қуаты 200 мың консервіленген қалбыр өндіруге жететін "Кублей" зауыты жабылса, оған ет өнімдерін өткізіп отырған 2 500-дей шаруа қожалығы да табыссыз қалады деп мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ, Орал қаласы әкімдігі сот ісіне қатысты пікір білдіруден бас тартқанымен, қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев зауыт жұмысы қандай жағдайда да тоқтамайтынын мәлімдегенін жазғанбыз.
"Қазіргі таңда әкімдік пен зауыт арасында сот болып жатыр. Әзірге оған қатысты пікір білдірмейміз. Ал "зауыт жабылуы тиіс пе?" деген сұраққа жауап біреу: әрине, жоқ. Бұл жұмыс істеп, салық төлеп тұрған кәсіпорын. 600 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бизнесті өркениетті, дұрыс жолмен жүргізеді. Жекелеген ақаулары бар, бірақ, оның бәрі шешілетін мәселе", – деген болатын Асхат Құлбаев.