1725 теңге: Алматы әкімдігі кімдердің коммуналдық шығынын өтеп береді?
Өтемақыға Алматының 316 388 тұрғыны үміт арта алады.1 шілдеден бастап коммуналдық төлемдердің қымбаттауына байланысты Алматы қаласының мәслихаты тұрғындарға өтемақы беру тәртібін және оның мөлшерін айқындады.
Өтемақы мөлшері бір адамға бір айға 1725 теңгені құрайды. Ол 0,5 АЕК мөлшерімен есептеліп алынған. Құжаттың түсіндірме жазбасында бұл қаражаттың тарифтердің көтерілуіне байланысты туатын артық шығынды түгел жабуға жеткілікті екені жазылған.
Көмек халықтың әлеуметтік осал тобына жататын алматылықтарға ғана беріледі. Қала әкімдігінің есебінше, олардың саны – 316 388. Бұл топқа ҰОС және басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері, оларға теңестірілгендер, І және ІІ топ мүгедектері, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған жандар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иелері, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер және басқалар жатады.
Оқи отырыңыз: Алдағы уақытта домофон қызметі тегін болуы мүмкін
Көмек алу үшін қаланың аудандық аппаратына өтініш беру қажет. Оң шешім тапқан жағдайда, ақша өтініш иелерінің банктегі шотына аударылады.
Маңызды жайт: аталған әлеуметтік көмек тек 2023 жыл соңына дейін (5 ай) көрсетіледі. Одан әрі ұзарту мәселесі 2024 жылғы бюджет жағдайына қарай қаралады.
Әлеуметтік көмек көрсету қала бюджетінің шығынын 2 729 млн теңгеге арттырады.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 26 шілдеге дейін.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық төлемдерден қалай ақша үнемдеуге болады? 12 пайдалы кеңес
Еске салайық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл өтемақы алу үшін халықтың әлеуметтік осал тобына жату міндетті емес екенін айтқан болатын. Өтемақы алу үшін басты шарт – оның коммуналдық төлемдерінің шығыны ресми табысының 10 пайызынан асуы тиіс. Міне, осы айырманы мемлекет жергілікті әкімдіктер арқылы өтеп береді.
Сондай-ақ, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров барлық коммуналдық төлемдер бойынша өсім шамамен 3-4 мың теңгені құрайтынын айтқан болатын.
Бұл тұрғыдан алғанда, Алматы қаласы мәслихатының есебі екі министрліктің де есебімен сәйкеспейді.