Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру және әскери есепті жүргізу ісін толықтай автоматтандыруды көздеп отыр. Соның арқасында 17 жасқа толған ер балалар енді есепке тұру үшін әскери комиссариатқа арнайы барып, денсаулығын тексертпейді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев түсіндіріп берді.

"Қорғаныс министрлігі өз ақпараттық жүйесін жетілдіріп, оны өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен біріктіру арқылы қазақстандықтарды әскери есепке қою ісін автоматтандырды. Қазіргі таңа ақпараттық жүйеге 16-60 жас аралығындағы ер азаматтардың жеке мәліметтері енгізілді", – деді Дархан Ахмедиев.

Оның түсіндіруінше, Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бастамасы бойынша, 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың денсаулығы жыл сайын бақыланып, олардың мәліметтері базаға енгізіліп отырады. Ер бала 16 жастан асқан кезде тексеру күшейтіліп, терең талдау жасалады. Бұл баланың денсаулығын ғана емес, денсаулығындағы динамиканы да бақылауға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: 27 жастан асқандар әскери билетті қалай алады?


"Сәйкесінше, 17 жастағы балаларды әскери комиссариатқа апарып, денсаулығын тексерудің қажеттілігі қалмайды. Бұл арқылы біз мемлекеттік бюджетке 1 млрд теңгеден астам үнем жасаймыз", – деген Қорғаныс министрінің орынбасары бұл жаңалық әскери саладағы заңсыздықтарды да азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Мәселен, ақпараттық жүйе әскерге барғысы келмей, жалған анықтама жаздыру деректеріне тосқауыл болады. Өйткені, базада оның 1 жастан бергі мәліметтері сақталатындықтан, 17-ге толғанда ауыр науқасқа шалдыққаны туралы ақпарат күмән тудыруы мүмкін.

"Сондай-ақ, базаға бір енгізілген мәліметті өшіру мүмкін емес. Жастар өзіне жалған ауру таңу арқылы кейін жұмысқа тұру кезінде кедергілерге тап болуы мүмкін", – деді Дархан Ахмедиев.