Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен азаматтық бастамалар орталығы гендерлік қажеттіліктер картасын әзірлеп жатыр. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық кеңесінің басшысы Салтанат Әбдікәрімова аталған картаның ауыл әйелдерінің қажеттілігін анықтауға көмектесетінін айтты. Сондай-ақ, ол "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту" орталықтарын ашу мәселесіне тоқталды.

"15 наурыздан бастап Қазақстанның барлық өңірінде, облыс орталықтарында "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту" орталықтары ашылады. Әзірге бізде мұндай үш орталық бар. Олар пилоттық режимде жұмыс істеді. Қызметті қалай ұсынатынымызды әйелдерге қарай икемдеп жатырмыз. Осылайша әр ауданда біздің кеңесшілеріміз болады. Жалпы әйел қауымы өмір сүріп отырған ортаға жақындай түскіміз келеді", – деді кеңес басшысы.

Салтанат Әбдікәрімова ауылдық әйелдерге білім мен инфрақұрылымның қолжетімсіздігі мәселесіне тоқталды. Айтуынша, бұл мәселені шешу үшін арнайы карта әзірленіп жатыр.


Оқи отырыңыз: Майра Айсина: Ауылдық жерлердегі 81 әйел өз бизнесін сәтті бастап, қосымша 200 жұмыс орнын құрды


"Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі мен азаматтық бастамалар орталығының қатысуымен қазір гендерлік қажеттіліктер картасы әзірленіп жатыр. Мысалы, ауыл әйелдеріне қарапайым қандай да бір балалар орталығы қажет болуы мүмкін. Мұны өте жақсы жұмыс деп ойлаймын. Аталған карта жоғары деңгейде жасалған жағдайда біз өз тарапымыздан ауылда бизнесті дамытуға дайынбыз немесе белгілі бір проблеманы әйелдердің шеше алуына жағдай жасаймыз. Бұл мемлекеттік немесе жекеменшік инвестициялар есебінен жүзеге асатын болады", – деді Салтанат Әбдікәрімова.

Сондай-ақ, ол проактив тәртіпте әйелдердің директор немесе директорлар кеңесінің мүшесі болуға жағдай жасалатынын айтты.

"Қазір QazTrade орталығымен әйелдерді оқыту бойынша келісім жасастық. Бұл олардың электронды алаңда сауда жасай алуы үшін қажет. Бұдан өзге әйелдерге арналған несиелеудің 5 бағытын ашқымыз келеді. Әрине, мұнда максимум жеңілдіктер қарастырылғаны жөн", – деді Салтанат Әбдікәрімова.