14 наурыздан бастап eGov порталына кіру тәртібі өзгереді
Енді портал деректері екі факторлы аутентификациямен қорғалады.14 наурыздан бастап eGov порталының пайдаланушылары үшін логин/пароль және бір реттік СМС арқылы кіру жеке-жеке қол жетімсіз болады, деп хабарланды порталдың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Енді eGov порталындағы деректер екі факторлы аутентификациямен қорғалады. eGov порталына кіру үшін пайдаланушылар:
- логин / ЖСН енгізу;
- құпиясөзді енгізу;
- мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне жіберілетін бір реттік СМС-кодты енгізу арқылы кіруді растау қажет.
Loading...
Осылайша қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі. Электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), биометрия және eGov mobile мобильдік қосымшасының көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы кіру аутентификация әдістері өзгеріссіз қалады.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне енді тек Egov порталы арқылы тіркелуге болады
"2FA немесе екі факторлы аутентификация – пайдаланушыны идентификациялау әдісі. Бұл әдіс арқылы сіз өзіңіздің аккаунтыңыздың иесі екеніңізді екі түрлі жолмен растауыңыз керек. Оның көмегімен сіздің деректеріңізге үшінші тұлғаларға қол жеткізу әлдеқайда қиын" делінген хабарламада.
Порталдың қызметтерін пайдалану үшін Азаматтардың мобильді базасында тіркелген телефон нөмірі болуы керек. Нөмір бұғатталған немесе тіркелмеген жағдайда 1414 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласу немесе eGov жеке кабинетіндегі нөмірді ауыстыру қажет.