12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды
Мемлекет басшысы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылатынын айтты.Президент Абай облысындағы орман өрті мен оның салдарынан 14 орманшының қайтыс болуына байланысты 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасымен кездесуінде айтты, деп жазды Ақорда.
Мемлекет басшысы "Семей орманы" табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты.
"Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар",– деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
"Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз", – деді президент.