"Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейтті. 10-20 мамыр аралығында Алматы полициясы күшейтілген түрде қызмет етеді. Жедел алдын алу іс-шарасын өткізуге Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, полиция қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері жұмылдырылған, деп хабарлады Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында іс-шара аясында полиция жасақтарының тығыздығы арттырылды. 

"Қылмысқа мүлдем төзбеушілік" қағидаты аясында полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлер көшелерді, аулаларды, алаңдарды, саяжайларды және басқа да қоғамдық орындарды аралауда. Полиция, сонымен қатар көші-қон заңнамасын, соның ішінде құрылыс және сауда салаларында құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында тексерулер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ азаматтық қару иелері мен полицияның профилактикалық есебінде тұрған адамдарды тексеру жүргізіліп жатыр. Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, қылмыскерлерді іздестіру, сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлаумен, пәтер тонаумен, ұрлықпен және тағы басқа айналысатын қылмыстық топтарды әшкерелеу бойынша полиция департаментінің жедел бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді", – делінген Polisia.kz хабарламасында. 

"Құқықтық тәртіп" іс-шарасы – бұл қылмыстық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған ауқымды шара.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында жасөспірім оқ жарақатын алды: полиция тергеу жұмыстарын бастады