1 шілдеден бастап такси жүргізушілері мен курьерлер салық төлейді
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді.Мемлекеттік кірістер комитеті интернет-платформалармен бірлесіп, такси жүргізушілері мен курьерлерге ыңғайлы функционалды жүзеге асыруда. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Такси немесе курьерлік жеткізу қызметі кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе мекемеге (басқа кәсіпкерге) жалдамалы қызметкер ретінде рәсімдеу жолымен салық пен әлеуметтік төлем төлеуге міндетті.
"Бұл талаптар бұрыннан бар, бірақ әртүрлі себептерге байланысты көп азаматтар орындамайды. Біздің ойымызша, себептердің бірі – міндеттемелерді орындауға байланысты әкімшілік рәсімдерді орындауға дайын еместігі", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Жеке тұлғалар салық бойынша Telegram арқылы көмек ала алады
Мемлекеттік кірістер комитеті салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қоспақ.
"Салық төлеуші үшін "eSalyq Business" арнайы мобильді қосымшасын қолдану тиімді. Себебі 1 пайыздық бағамен табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру) төлеу қажет. Осыған байланысты, интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызмет көрсететін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті "eSalyq Business" мобильді қосымшасын пилоттық жоба ретінде іске қосып жатыр. Мұнда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді", – делінген хабарламада.
Платформа операторы табысын төлеу кезінде тиесілі салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлейді, содан кейін мәліметтер автоматты түрде МКК-ға беріледі. Бұл жеке тұлға органдарға бармай-ақ, салық міндеттемесін орындайды, ал салықтарды есептеу мен төлеудегі қателіктер жойылады.
Бүгінгі күні ақпараттық жүйелерді баптау бойынша Яндекс.такси-мен жұмыс жүріп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін азаматтар ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алады.