Үнемді саяхат: ақылмен жұмсаса, аз ақшаға да көп елді аралап қайтуға болады
Бұл – 2010 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш екен. Оның неше пайызы біздің саяхатшыларға тиесілі деген сұрақ туындайды.
Саяхаттауды өмір салтына айналдырған жиһангез блогер, саяхатшы, "Радио саяхат" бағдарламасының жүргізушісі Динара Болат үнемді саяхаттаудың қыры мен сырын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстанда танымдық мақсатта саяхаттау түрі дамып келеді
Елімізде Түркия, Мысыр, Араб Әмірлігінің жағалауларын сағалап, суға түсіп, күнге күюді ғана мақсат ететін пассивті демалыс түрін таңдайтындардың қатары азайыпты.
– Соңғы 3-4 жыл көлемінде 18 мемлекетте болдым. Атап айтсам: Түркия, Италия, Франция, Норвегия, Сингапур, Марокко, Ресей, Германия, Австрия, Индонезия, Үндістан, Тайланд, Чехия, Қытай, Швеция, Финляндия, Латвия, Малайзия, – дейді Динара Болат.
– Саяхат мен үшін – өмір салты. Менің ғұмырымның ажырамас бөлігі дер едім. Тіпті, ажырамастығы сол – әр жылымды жоспарлағанда саяхатқа міндетті түрде орын қалдырамын.
"Бала Динараның армандарын жүзеге асырып жүрмін десе де болады"
Саяхатқа шығуды бала кезімнен армандадым. Анам – орта мектепте география пәні мұғалімі болған соң, ес білгелі дүниежүзілік картаны көріп өстім. Жұмысқа асыққан анамның қолындағы картасы мен глобусы әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
Тіпті, пайдаға аспай қалған карталар жазғы сарайдың терезесін жабуға жарап жататын. Сол кезде менің Оралдағы кішкентай ауылымнан өзге үлкен әлемнің бар екенін көріп, карта бетіндегі 200-ден аса мемлекетте міндетті түрде боламын деп өзіме өзім серт берген едім. Қазір сол бала Динараның армандарын жүзеге асырып жүрмін десе де болады.
"Бала кезімде барамын деген алғашқы ел осы еді"
Ағылшын тілі кітабының сыртындағы Биг-Беннің суретін көргенде, Ұлыбританияда болсам, тарих кітабының мұқабасындағы пирамидаларды көріп, Египетте болсам деп қиялдайтынмын.
Бірақ, Канада мен Оңтүстік Африка елдері ерекше есімде қалып қойды. Себебі анам елдердің астаналарын жаттатқызып сұрағанда, сол екі мемлекеттің астанасын үнемі ұмытып қала беретінмін. Анамның "Канаданың астанасы – Оттава, Оңтүстік Африка республикасының астаны – Претория, есіңде болсын" деп бастыра айтқаны жадымда жатталып қалса керек.
Сонымен қатар, жазғы сарайда тамақтанатын жерде мен отыратын орынға қарама-қарсы Йоханнесбург қаласының суреті ілініп тұратын. Атауы ерекше қаланы қалайда көруім керек деген ойдың қалыптасуына сол әсер етті десе де болады.
Ол мемлекеттерде әлі болған жоқпын. Тек өткен жылы Африкаға қарай қадамым Мароккодан басталды. Алдағы жылы жалғастырамын деп ойлаймын.
"Еуропа архитектурасы онша таңқалдырмады"
Алғаш рет Рождество мерекесі қарсаңындағы Еуропаға отбасыммен саяхаттауға шыққан едім. Өзімді әсемдікке құмар эстет деп есептейтіндіктен, дәл сол әдемілікті іздегенім рас. Өзіңіз білетіндей, Рождество мерекесі кезінде Еуропа өзгеше атмосфераға бөленеді ғой. Бұл мереке біздің менталитетімізге, мұсылман дініне жат болса да, соны көрмекке барған едік, күткеніміздей ойдан шықты.
Ең алғаш көрген елім – Чехия, содан кейін бірден Австрия, Германияға саяхаттадық. Осы елдердегі Рождество қарсаңындағы мерекелік рух болмаса, архитектурасы онша таңқалдыра қойған жоқ.
Еуропаға саяхат кезінде ұнағаны – қалалар тұрмақ мемлекеттердің бір-біріне жақын орналасқаны сонша – аз уақыт аралығында автобуспен шапшаң аралап шығуға болатындығы. Еуропаға келсеңіз, Шенген визасын алдын ала жасатып, бірден бірнеше мемлекетке барып-қайтуға болады.
Турист пен саяхатшының айырмашылығы неде?
Саяхатшы шетелге шыққанда ешқандай жоспарсыз жүре береді. Әрі жүріп өтетін маршрутын өзі белгілейді. Турист тек оншақты күнге тур алып, турагенттің жоспарына сай ғана барған елін аралап, көре алады. Ал саяхатшы болса жолай жоспарын, бағытын оңай өзгерте алады. Сәйкесінше, саяхаттан қалатын әсер де, саяхатшының күнделікті өмірі де туристке қарағанда ерекше, қызыққа толы болады.
Екіншіден, турист бір елдің астанасын аралап, танымал деген жерлерінде суретке түсіп, музейлерін аралаумен ғана шектелуі мүмкін. Ал саяхатшы жергілікті тұрғындармен етене жақын араласып, олардың баратын жерлеріне барып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныса алады.
Саяхатқа байланысты бюджет жоспарлана ма, бюджетке қатысты саяхат жоспарлана ма?
Саяхаттың бюджетіне қандай факторлар әсер етеді десек. Ол алдымен ұшақ билетіне, тұрақтайтын орынға, тамақтанатын жерге тікелей тәуелді. Жалпы саяхаттың бюджетіне сіздің саяхаттау стиліңіз, үнемшілдігіңіз әсер етеді.
Мәселен, ұшақ билетін саяхатқа бір жұма қалғанда немесе 1-2 ай бұрын алудың арасында үлкен айырмашылық бар. Тіпті, сіз межелеген елге тікелей рейспен ұшпай, басқа бір мемлекет арқылы ұшсаңыз бірнеше сағатыңызды жоғалтқанмен, 100 000 теңгеден де жоғары ақшаңызды үнемдей аласыз.
Екіншіден, тұрақтайтын жеріңіздің ақысы да қонақ үйлерден бастап, хостелді, каучсерфингті (баратын мемлекетте тегін жатын орын ұсынатын адаммен алдын ала келісуге мүмкіндік беретін бағдарлама) таңдауыңызға байланысты әртүрлі болады. Хостелдер қонақ үйлерден 2-3 есе арзанырақ болса, каучсерфинг бағдарламасы арқылы алдын ала келісіп, тегін орынға тұрақтауға болады.
Саяхаттың мүмкіндіктері көп, тек оны таба білу керек. Нағыз саяхатшылар қалтасына қарай саяхаттауды таңдайды. Бір елге ғана барып, қымбат қонақ үйде қоныстап, мейрамханаларда тамақтанғаннан гөрі үнемдеп, бірнеше елді көруге болады.
Туристерге қарағанда жиһангез жерді көріп, сол елдің мәдениетімен етене танысып, жергілікті тұрғындардың жан-дүниесін сезінуге талпынады.
Бюджет, ең алдымен, адамның белгілі бір мемлекетке бару мақсатымен байланысты. Әдетте, саяхатқа байланысты бюджет жоспарланады, алайда, ақылға қонымды шеңберден аспауға тырысамын.
Саяхаттау кезінде қай көлік түрін қолдану тиімді?
– Ол – баратын еліңе байланысты. Еуропа сынды мемлекеттерде метроның көмегіне көп жүгінемін. Алып мегаполистерде кептеліс көп болғандықтан таксимен жүрсеңіз, көп уақытыңызды босқа жоғалтып аласыз. Осындайда межелі орынға тез жеткізетін әрі арзан метроның артықшылығы көп.
Ресей немесе Еуропада болсам, аэропорттан орталыққа дейін жеткізетін аэроэкспресстермен жүрген жақсы. Оның ішінде отырып, ұзақ жолдан соң тынығып алуға да үлгересіз. Әрі барлық қолайлы жағдай жасалған.
Ал ең қызық әрі басқа ешқайда кездеспейтін көлік ретінде Үндістандағы рикшаны атауға болады. Үндістанға сапарыма дейін рикшаға мініп көру романтикаға толы, шытырман оқиға болып көрінген. Рикшаға отырғаннан кейін бұл ойым өзгерді. Өйткені рикшалардың жан-жағы ашық, желдің соққанынан айналаңдағы тамашаны көрудің орнына шашыңды жинап, бетіңді топырақтан қалқалаумен боласың. Дәл осы көлік түрі осылай есімде ерекше сақталып қалды.
Өз маршрутыңмен үнемді саяхаттаудың артықшылықтары
Ең бастысы – толықтай тәуелсіздік. Уақытты жоспарлау тек өз еркіңізде. Әдетте турфирмалар бір ғана қалаға апарып, қонақ үйге орналастырады. Ал оның ақшасы төленгендіктен, бір жаққа бару үшін қосымша шығын шығарғыңыз келмей, сол қонақ үйге байланып қаласыз.
Ал өзіңіздің жоспарлы саяхатыңыз сізді белгілі бір жерге тәуелді етпейді, яғни бір қалада 2-3 күн ғана болып, саяхатыңызды басқа қалада жалғастырсаңыз болады. Әрі турфирмалардың бағдарламасына сай экскурсияға шықсаңыз, көрікті жерлерді аралауға кететін уақытқа дейін есептеулі. Көп нәрсеге аса назар аударып, саяхаттың қызығына қанығып үлгермейсіз.
Турагентпен саяхаттаудың тиімдірек жері де бар. Мысалы, жасы егде тартқан, шетелге ең алғаш барғалы отырған немесе жасөспірім балаларын жібергелі отырған ата-аналарға турагенттің көмегіне жүгінуге кеңес берер едім.
Яғни осы категориядағы адамдар үшін қауіпсіздік маңызды. Әрі тіл білмейтіндігін ескерсек, турфирмалардың әуежайдан күтіп алуынан шығарып салуына дейінгі қызметтерін пайдаланған қолайлы.
Саяхаттау кезінде чемоданыңызда міндетті түрде болатын заттар тізімі
Үнемді саяхаттау кезінде неғұрлым аз зат алған жөн. Көп жағдайда тек қолжүгімен шектеліп, үлкен чемоданды алмаймын. Бұл саяхат кезінде келесі бір қалаға баруға кедергі келтірмейді. Оның үстіне чемоданыңызды әуежайда күтіп, уақыт жоғалтпайсыз.
Тіпті, алыс елдерге ұшқанда жүгіңіздің сізден 2-3 күннен бастап бір аптаға дейін кешігіп келуі ықтимал. Осы жағдайлардан қашу мақсатында қолжүгімен саяхаттау әлдеқайда қолайлы.
Міндетті заттар қатарына: телефон қуаттағышы, шашқа арналған кішкене үтік (оны тіпті киім үтіктеу үшін де қолдануға болады), ыңғайлы аяқ киімді жатқызсам болады.
Біреуге жалғыз, біреуге топпен не отбасымен саяхаттаған ұнайды
Екі баланың анасы болғандықтан менің мойнымда жауапкершілік жүгі бар. Осы күнге дейін жалғыз саяхаттауға батылым жетпеді. Ініммен немесе құрбыммен саяхаттаған кезім болды. Ал Қазақстаннан жаныма ешкім ілесе қоймаған сәтте басқа елдердегі жиһанкездермен келісіп, жолға шықтым.
Көпшілік арасында саяхатшылардың барлығының мінездері бірізді, кездейсоқ қиындықтар тап болса, тығырықтан оңай шыға алады деген стереотип қалыптасқан. Алайда, бұл – қате пікір. Саяхаттан жақсы әсер қалсын десеңіз, жаныңыздағы серігіңіздің де сізбен бір толқында болғаны, ортақ қызығушылықтың барлығы маңызды.
Жалпы барлық саяхатшыларға ортақ қасиет ретінде төзімділікті, жинақылықты, тез әрекет етуді, икемділікті жоғары бағалаймын. Кез келген әлемді танимын деп мақсат қойған саяхатшы әртүрлі ортаға, қиындыққа дайын болуы тиіс. Яғни зәулім ғимараттар ғана емес, кедейлік жайлаған аудандарда болуыңыз мүмкін. Кейде санитариялық талаптар сақталмайтын асханаларда тамақтанатын кез де болады. Сондайда жиіркенбей, шыдамдылық танытып, одан бір жақсылықты көруге талпыну өте маңызды.
Саяхат кезінде телефонға жүктелген қандай қосымшаларды қолданған ыңғайлы
Біріншіден, Santufei қосымшасы. Ұшаққа ең төмен комиссиямен авиабилеттер ұсынатын жаңа компания. Бұған дейін Авиатаны қолданып келген болсам, дәл осы қосымшаны білгелі оның одан да тиімдірек екеніне көзім жетті.
Екіншіден, Booking. Баратын елімде тұрақтайтын қонақ үйлерді осы қосымша арқылы қарап, алдын ала жатын орын тауып қоямын.
Үшінші – Google translate. Мен сияқты шет тілдерін білмейтіндер үшін таптырмайтын көмекші құрал. Бұл қосымша да интернетсіз оффлайн режимде жұмыс істей береді.
Maps.me – қай жерге қалай жетуді ғана емес, жетудің тиімді жолдарын да қатар ұсынады. Ең бастысы, тіпті, адам біле бермейтін, қағаз картаға түспеген жерлерді де тауып береді.
Келесі бір қосымша – Around.me. Аты айтып тұрғандай, сіз тұрған немесе орналасқан жерге жақын маңайда қандай дәмхана, кафе, мейрамхана, дәріхана, кітапхана сияқты қоғамдық орындардың орналасқандығы жөнінде мол ақпарат береді.
Guide. Бұл қосымшаны баратын еліңіз бойынша Google play немесе AppStore-дан жүктеп аласыз да, жол сілтеуші ретінде қолданасыз. Мысалы, Аргентинаға баратын болсаңыз, сол ел туралы ғана қолданушылардың пікірін оқи отырып, теміржол вокзалы, әуежай, мейрамхана, көрнекті орындары бойынша толық ақпарат алып қана қоймай, қанша ақша кететіндігі туралы да мәлімет ала аласыз.
Currency converter. Аталмыш қосымшаны шет елдерде ақша ауыстырып, сол сәттегі валюта бағамын анықтау мақсатында қолдана аласыз.
"Әр саяхаттан соң өз еліме – туған жеріме оралғым кеп тұрады"
Бір-екі жылдай тұрып көргім келетін мемлекеттер қатары көп. Бірақ тұрақтап қалғым келетін мемлекет жоқ деп айтуға болады. Әлем кең, елдер көп. Ұлыбритания, Түркия, Индонезия сынды мемлекеттерде тұрып көруге болады. Әйтсе де, өз басым әр саяхаттан соң елге оралғым кеп тұрады.
Мен үшін әр қаланың өзіне тән атмосферасы маңызды. Жергілікті тұрғындардың көңіл-күйін боямасыз бере алатын кез келген интерьері ерекше мейрамханалар болсын, стрит-арт болсын назардан тыс қалдырмаймын.
Алдағы уақытта Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінде болсам деген жоспар бар. Көптен бері Жапонияға саяхаттап баруды ойлап жүрмін, алайда ол қалтаны қағады. Бастысы биыл әкемді өзіммен бірге саяхатқа алып шықсам деп армандаймын.
Қазақстанда саяхатшылар саны әзірге аз
Қазақстанда саяхаттау енді ғана сәнге айналып келеді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы, өмірлік басымдықтар туралы түсініктерінің өзгеруі саяхаттаушылар санының көбеюіне әкеле жатыр.
Сонымен қатар саяхаттау үшін көп қаражат керек. Немесе сол елдің тілін, тым болмаса ағылшын тілін білу керек деген қате пікірлер кедергі болады. Шындығында кез келген кедергі тек біздің миымызда.
Ең қызық та, ең қиын да, ең қымбат та саяхатым – Норвегияға сапарым
Себебі бұл елге алғаш рет өз бетімше барып саяхаттаған едім. Нағыз саяхаттың не екендігін де сол жолы түсіндім. Әдетте ұшақпен ұшып, өркениеттің ортасынан бір-ақ шығатын саяхаттан айырмашылығы – автобуспен ғана қозғалып, орманның ішінде кэмпинг құрып, соның ішінде ұйықтаған болатынбыз. Дәл осы саяхатта шатыр құрып, оны жинап үйренген едім.
Норвегия солтүстікте орналасқандықтан, ол жақ өте суық. Жаз болса да жиі жаңбырлатып, желдетіп, ауа райы жиі бұзылады. Біз саяхаттаған жолы толассыз жауын жауып, ылғал жерге шатыр құрып ұйықтауға тура келген сәттер де болды. Таңда табиғатпен жарыса ояну өмір бойына ең қайталанбас әсер сыйлады.
Үш күн қатарынан биіктіктерді бағындырып, Скьеггедаль тауының жер бетінен бір километр қашықтықта орналасқан Тролльдің тілі шыңына шықтым. Мұнда жел тұрса не жаңбыр жауса, тас сырғанап, аяқ бастырмайды, тайып кетердей қауіпті.
Экстрималдылығы жағынан Тролльдің тілі шыңы орналасқан тауға дейінгі 14 шақырым жол қатты есімде қалды.
Осыған дейін мұндай қашықтықта жүрмегенмін. Дәл осы саяхатым қызыққа да, қиындыққа да толы болды. Физикалық тұрғыдан сынақты есептемегенде, психикалық жағынан да осы сапардан кейін өзгердім. Өйткені мұндай қолайсыз жағдайда адам өзінің "жайлылық аймағынан" шығып, қолынан не келетіндігіне көзі жетіп қана қоймай, өз бойындағы төзімділіктің шегін анықтап, жігерін қайрай түседі.
Адамның тұлғалық қалыптасуына саяхаттың пайдасы зор
Ең бастысы, жиі саяхаттайтын адам жолсапар барысында әртүрлі жағдайларға тап болады, өзі үшін жаңалық ашады. Соның нәтижесінде оның тез шешім қыбылдап, әрекет ету қабілеті арта бастайды.
Шет елде жүріп, сол елдің тілін білсеңіз жақсы, білмеген жағдайда іздеген жеріңізді табу үшін жол сұрағанда ымдап болса да түсіндіру керек болады. Бұл да сіздің коммуникациялық, адаммен қарым-қатынас орнату, тез тіл табысу қасиетіңізді дамытады.
Жаңа ортаға оңай бейімделу әр саяхатшыға тән. Сонымен қатар, дүниетанымы, жалпы таным көкжиегі үнемі кеңейіп отырады. Бұрын біржақты ойлап келген адам әртүрлі ортаны, мәдениетті, тәрбиені, өмірге көзқарасты көріп, өзгеріп, қай мәселеге болмасын жан-жақты қарап үйренеді.
Өз өмір жолымда бақытсыз саяхатшыны кездестірмедім, яғни саяхаттайтын адамның рухы таза, ойы сергек, өмірге көзқарасы оң деген сөз. Саяхат кезінде табиғаттың түрлі ғажайыптары кездеседі: биік таулар, терең мұхиттар, ұшы-қиыры жоқ дала. Осының бәрі адамзаттың табиғаттың бір бөлігі ғана екендігін еріксіз еске салып, Тәңірдің құдіреттілігін сездіреді, тәубаңа түсіреді.
Үнемді саяхаттау үшін 5 лайфхак
Ең алдымен, үнемді деген сөздің астарында неғұрлым арзан деген мағына жатады. Ал арзан дегеніңіз, көп жағдайда қолайсыздау, қиындау деген мағынамен пара-пар. Мәселен, ұшаққа билетті арзан алу үшін тікелей рейс емес, белгілі бір қалаға дейін ұшып, сол жақтан отыруға тура келетіндігін жоғарыда айтып өттім.
Екіншіден, қымбат дәмхана емес, көшеден тамақтану немесе қоғамдық асханалардан тамақтану арқылы үнемдеуге болады.
Экскурсия жүргізушінің немесе гидтің ақылы көмегіне жүгінбей, көретін жеріңіз туралы деректерді өзіңіз алдын ала оқып алып немесе экскурсшы жалдаған топқа қосылу арқылы ақпаратқа қанық бола аласыз.
Саяхаттың негізгі мақсатын ұмытпаңыз, яғни сіз шоппинг немесе туған-туыстардың әрқайсысына естелік заттар аламын деп жүріп қаражатыңызды да, уақытыңызды да босқа жоғалтасыз. Сондықтан, қаражатыңызды кәдесыйлар сатып алуға емес, жаңа әсер алуға жұмсағаныңыз жөн.
Алғаш саяхаттап отырсаңыз, өз еліміздегі жерлерден бастауыңызға болады. Елімізде туризм дамымаса да, көруге тұрарлық әсем жерлер аз емес. Ал шет елдерге келер болсақ, біздің елімізге жақын орналасқан Өзбекстан, Ресей, Түркия мемлекеттерінен бастасаңыз болады. Аталған елдерді аралау қалтаңызға салмақ түсірмейді, ұсынары көп. Ал баратын ел, жер алыс бола бастаған сайын саяхат қымбаттай түседі.
Ең қымбат саяxат
Сөз соңында кейіпкерімізбен қаражатты ең көп қажет еткен қымбат саяхатын бірге есептедік.
– Норвегияға баруды жоспарлаған соң бір жыл көлемінде ең арзан жолдарын іздестірдім. Бұдан арзанын таппайсыз! – дейді Динара Болат.
– Автосаяxат болған соң Ослоға авиабилетке ақша кеткен жоқ. Бутерброд, отқа піскен тамақтан шаршасаңыз да кемінде 10 күннің асқа кететін шығынын үнемдейсіз. Шатыр тігіп, ауа райы қолайсыздығына тап болсақ та 300 000 теңге жатын орын есебінен тағы үнемделді.
Сонымен:
- Саяxатқа жолдама – 430 000 теңге;
- 50 000 теңге – виза;
- 20 000 теңге – Орал – Самара – Орал бағытындағы такси;
- 45 000 теңге – Самара – Москва – Самара бағытындағы авиабилет;
- 35 000 теңге – треккингтік кроссовка;
- 30 000 теңге – треккингке арналған киім;
- 180 000 теңге – қалта ақша: қосымша тіскебасар, паромдағы, ірі қалалардағы тамақтану.
Жалпы саяxат шығыны = 790 000 теңге.